Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтөбе халқымен жүздеспек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Ақтөбе халқымен жүздеспек

26.10.2022

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбеде жалғасады. Бүгін оппозициялық партия өкілі елдің батыс өңіріне ұшып кетті. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған ол күні бүгінге дейін Қарағанды, Ақмола облыстарына барып қайтты.

Әуелі Шахтинск қаласының орталықтандырылған кітапханасының ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қатысушылардың сұрағына жауап берді. Сондай-ақ «Кеншілер еңбегіне мәңгілік даңқ» ескерткішіне тағзым етіп, гүл қойды. Кандидат Қарағандыдағы колледж оқытушыларымен, студенттермен де кездесті. Жиын кезінде партияның бүгінге дейін атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды. Ал, кеше елорданың іргесіндегі 60 мың тұрғыны бар Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Жалпы Әуесбаевтың орталық штабы еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіреді. Сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.


Хабарламаларға жазылу