20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы кандидаттыққа ұсынылған 12 адамның, алтауын талапқа сай деп тапты. Олар: Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев және Салтанат Тұрсынбекова. Бұл жолғы саяси додаға бірінші рет екі әйел кандидат қатысады. Науқанға қатысуға рұқсат алған 6 кандидат жұма күні кешкі алтыда үгіт-насихатты бастады.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың - 227 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Онда сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектері қабылданады. Алғашқы күні тұрғындар тарапынан 100-ден астам өтініші келіп түскен. Кандидаттың 4 мың сенімді өкілі 18 қарашаға дейін қабылдау жүргізіп, сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинайды. Азаматтарды қабылдау жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі.
Анель Төлешова, Қ.Тоқаевтың Астана қаласы қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты:
Бүгінгі күні Республикалық қоғамдық штабтың өңірлерге шығу кестесі әзірленді. Штаб мүшелері әр өңірге барғанда 5 топқа бөлініп, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болады. Біздің басты міндетіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын әр азаматқа, әр сайлаушыға жан-жақты түсіндіру, жүрегіне жеткізу.
Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің республикалық штабы өз жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін орталық кеңсеге үгіт материалдарының бірінші легі келді. Енді штаб қызметкерлері халыққа парақшалар таратып, ел бойынша плакаттар мен арнайы билбордтар іле бастайды. Штаб басшысының мәліметінше дайындалған жабдықтардың негізгі бөлігі аймақтарға таратылған. Айта кетейік Мейрам Зекешұлын қолдау мақсатында 14 облыста қазір арнайы штаб жұмыс істеп тұр. Олардың үгіт-насихат жұмыстарына енді волонтерлар да қосылуда.
Абыл Кекілбаев, М.Қажыкен штабының басшысы:
Бүгінгі кезде үгіт-насихат материалдары сенімді өкілдерге жіберілді. Бүгіннен бастап оларды тарату жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде аймақтарда волонтерлардың жұмысы ұйымдастырылып жатыр. Сайлау заңына байланысты жұмыс толық атқарылады.
Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің штаб жұмысы бүгін мереке алдындағы көңіл-күймен басталды. Сайлау дүбірі сезіліп, саясат сеңі қозғалғанда өңір-өңірдегі сайлаушылар тарапынан сауалдар мен ұсынынстар түсіп жатыр. Штаб өкілдері олардың әрқайсысын мұқият зерделеп, тиісті жауаптарын беруде. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, негізгі бағыттары айтылады. Сонымен қатар, өткен екі күндегі жұмыстар пысықталып, кездесулер аясында көтерілген проблемалар сараланды. Кандидаттың сайлауалды штабының жұмысы өңірлерде де қызу жалғасуда.
Еламан Төлепберген, Қ.Әбден штабының өкілі:
Республикамыздың әр өңірінен 150-ге жуық сұрақ келіп түсті. Әсіресе белсенділік оңтүстік өңірден байқалып жатыр. Ұсыныстарын айтып жатқан жастар көп. Ел өңірлерінде кандидаттың 20 штабы құрылды. Сайлауалды бағдарлама мен ақпараттық материалдар республика көлемінде таратылып жатыр.
Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат және оның партияластары бүгін елордадағы коммуналдық базарлардың біріне барды. Сауда орындарын аралап, жұртшылықпен әңгімелесті. Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды. Сатушылар мен тұтынушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алды.
Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:
Мынадай бір жақсы сөз бар. «Елің бар жерде биіксің, елің жоқ жерде киіксің» дейді. Сондықтан кім болса да, атқа мінген азаматтардың бәрі елімен биік. Сондықтан халқымды өте қастерлеймін. Бүгінгі мынау сауда-саттық жасап жатқан және сауда орындарына келген қарапайым адамдармен сұхбаттасып, олардың әл-ауқатын, көңіл-күйін біліп жүрген жағдайым бар.
«Жалпыұлттық социал-демокартиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаевтың үгіт-насихат жұмыстары бүгін Қарағандыда жалғасты. Оппозициялық партия өкілі қаладағы колледж оқытушыларымен, студенттермен кездесті. Жиын кезінде партияның бүгінге дейін атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кездесуге қатысушылар кандидатқа біршама сұрақтар қойып, өздерін толғандырған мәселелерін көтерді.
Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Қарағанды қаласында тұрғындармен, оқытушылармен кездесіп, осында әртүрлі тақырыпта пікір алмасу болды. Сұрақтар болды, тиісті жауаптарын бердік түсінікті болды, түсінді. Келесі жоспар біздің партияның белгілеген жаңа жоспары бойынша біз осы Қазақстанның барлық өңірлерін аралаймыз. Мүмкіндігінше, барлығын қамтуға тырысамыз.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекованың штабы іс-сапарды шегерді. Жоспар бойынша кандидат Көкшетау қаласына барып, «Үміт» дағдарыс орталығында іс-шара өткізуі керек еді. Кесте өзгергендіктен бүгін Салтанат Тұрсынбекова өз штабының қызметкерлерімен бірге үгіт-насихат парақтарын тарату жұмысын жүргізді. Алғашқы постерді кандидаттың өзі ілді.
Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Сайлаулады компаниясының ішіндегі тағы да бір мәні мен маңызы зор күн, мен үшін. Осы үгіт-насихатты бастау құжаттарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен бүгін бірінші постерді өз қолыммен ілейін деп осы жерге келдім.
Кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарашаның 18-нен 19-на қараған түні аяқаталады. 19 қараша – тыныштық күні. Ал 20 қарашада халық сайлау учаскелеріне барып өз таңдауын жасайды. Саяси науқанға 28 күн қалды.
Асылбек Данияр