Әулиекөлдегі өрттен зардап шеккен тұрғындар қоныс тойын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әулиекөлдегі өрттен зардап шеккен тұрғындар қоныс тойын тойлады

22.10.2022

Бүгін қостанайлықтар төбесі көкке жеткендей қуанды. Алапат өрттің салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа үйлердің кілті табысталды. Аудан орталығы Әулиекөлде «Бірлік» шағын ауданы бір жарым айда бой көтерді. Осы қысқа мерзімде барлық коммуникациямен қамтылып, көшесі асфальтталған 91 үй толық салынып бітті. 

Қыркүйектің басындағы алапат өртте жүзге жуық отбасы бар жиғанынан бір күнде айрылып баспанасыз қалды. Зардап шеккен азаматтарды далада қалдырмау үшін дереу құрылыс жұмыстары басталды. Жұмысты қысқа мерзімде, қыс түскенше аяқтау міндеті тұрды. Көпшіліктің көкейінде басталған іс уақытында тиянақты аяқтала ма деген күмән да болды. Бүгін – сол күдік сейілген күн.

Орынбасар Молдақышева, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Күн суып кете ме, не болады деп қорықтық. 1 айдай жылап сықтап жүрдік. Кейін осы үйді көріп көңіл орнықты. Кілтті алғасын қуаныштан ауызға сөз түспей тұр. Қуаныштымыз.

Салтанатты шара аяқталған соң әркім жаңа қонысына асықты. Солардың бірі Жұмагүл Рахметова. Отағасына жаңа үйдің есігін аштырып, ырымдап оң аяғымен аттап кірді.

Жұмагүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Өте қуаныштымыз. Жолдасым екеуміз келдік. Балалар жұмыста. Ертең бәріміз немерелерімізбен көшіп келеміз. Тоңазытқыш қойыпты. Басқа заттарды өзіміз аламыз.

Барлық үй төрт бөлмелі, аумағы 100 шаршы метр. Жарық, газ, орталық су желісімен қамтылған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Жаңадан берілген үйлердің қабырғасы әзір жалаңаш тұр. Бұл - ас үй. Мынау жылу беретін құрылғы. Мына жерден ауыз су аласыз. Ас пісіретін газ плитасы да дайын тұр. Ең бастысы баспана бар, ал оның ішін дүние мүлікке толтыру – уақыт еншісінде.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу