Талғар тұрғындары қоныс тойын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар тұрғындары қоныс тойын тойлады

29.01.2014
Талғар тұрғындары қоныс тойын тойлады
Жарымжан жандарға қатысты тағы бір жағымды жаңалық. Алматы облысына қарасты Талғар ауданында ұзақ жылдар бойы баспана тауқыметін тартып жүрген мүгедектер үйлі болды. Бұдан бөлек ардагерлерге, көпбалалы аналар мен жетім балаларға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
 
Марат Күшбаев қарапайым жұмысшы. Тапқан нәпақасын тек балаларының аузына тосады. Жарық әрі жылы, кең баспанам болса деп армандайтын. 8 баласының несібесіне бүгін 3 бөлмелі пәтердің қожайыны атанды. Жаңа қонысында жуырда тоғызыншы баласының бесік тойын тойламақ.
 
Марат Күшбаев, Талғар қаласының тұрғыны:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, балаларым кең бөлмеде асыр салып, ойнап жүр. Коммуникация жүйелері тартылған, барлығы ыңғайлы. Жұбайым екеуміздің қуанышымызда шек жоқ.
 
Қашанда жетімін жылатпаған халқымыз Жазира Болатбекқызына қолдау көрсетті. Бұған дейін ол туған-туысты паналап,  жан бағып келді. Енді өз алдына енші алды. Жаңа баспана оның болашаққа деген сенімін нығайтты. 
 
Жазира Бекқалиева, Талғар қаласының тұрғыны:
Мен мемлекет тарапынан көптеген жақсылықтар көріп отырмын. Бұл жақсылықтарды ешқашан ұмытпаймын. Ұстаз болғандықтан, шәкірттеріме жақсы тәрбие беріп, болашақта елімізге өздерінің үлестерін тигізетіндей азамат етіп тәрбиелеуге уәде беремін.
 
Райхан Садықова, Талғар ауданының әкімі:
30 пәтерді негізгі әлеуметтік жағдайлары төмен адамдарға бөлген болатынбыз. Осы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 64 пәтерлі үй салынып жатыр. Осы жазда бітеді. Талғар тағы да қуанышқа бөленетін болады. Бюджет бойынша 50 пәтерлік үйдің құрылысы басталады себебі, жобасы дайын сараптамадан өткен, сонымен жұмыс әлі де жалғаса береді.
 
Осылайша, өңірдегі қуаныш әлі де жалғасын таппақ. Оған елдің әлеуеті жетеді, ең бастысы бірлесе еңбек ету керек,-дейді жергілікті билік өкілдері.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу