Елімізде 14 балаға көздің қатерлі ісігіне сәтті ота жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 14 балаға көздің қатерлі ісігіне сәтті ота жасалды

21.10.2022

Балаларда кездесетін көздің қатерлі ісігіне елімізде былтырдан бері күрделі операция жасалып жүр. Мұндай ота Орта Азия бойынша тек Қазақстанда жасалады. Дәрігерлер оны енгізу үшін 5 жыл бойы протоколын дайындап, операцияның теңдессіз екендігін дәлелдеген. Соның арқасында бір жыл ішінде 14 баланың көзін сақтап қалды.

Айнұр Нұқбаева 11 жасында көз жанарынан айрылған. Кішкентайында көздің қатерлі ісігіне шалдығып, соның салдары осындай жағдайға әкелген. Жығылғанға - жұдырық, 2019 жылы дүниеге келген ұлына да жаман ауру берілген. Дерті анықталғаннан кейін, дереу операция жасатқан. Соның нәтижесінде Әмірсұлтан зағип балалардың қатарында емес.

Айнұр Нұқбаева, Әмірсұлтанның анасы:
Қазақстанның медицинасына үнемі өкпелі болатынмын. Диагнозымызды емдейтін бір дәрігер шықпайды. Шетелді жағалап, ем іздеп қаңғып жүруіміз керек деп. Аллаға шүкір, жақсы емдеп алдық. Қазір жаман емес көзін сақтап қалдық.

Көздің ішкі торлы қабығында кездесетін қатерлі ісікті ретинобластома деп атайды. Ол бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Көбінде тұқымқуалаушылық ауру негізінде сипатталады. Былтырға дейін осындай диагнозы бар балаларды елімізде емдегенде, көзін толығымен алып тастайтын. Алайда, дәрігерлер көрші елдің тәжірибесін үйреніп, күрделі отаны Қазақстанда жасайтын болды. Бір жыл ішінде 14 балаға осындай операция жасалды.

Алуа Әубәкірова, Көз аурулары институтының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты:
Негізінде генетикалық мутация болады. Сол себептен не бір көзде, не екі көзде ісік шығуы мүмкін. Әрбір ата-ананың мақсаты - көзді аман қалдыру. Көзін және өмірін аман сақтау. Протез таққанның орнына өз көзі деген өз көзі ғой.

Қазақстанда осындай дертпен жылына 15-20 бала дүниеге келеді. Көздегі ісіктің салдарынан адам жанарынан ғана айрылмай, ол миға тарауы мүмкін,- дейді дәрігерлер. Сол себепті тексеріске аса мән беру қажет.

Елена Тян, Офтальмолог, дәрігер:
Сәбилерді алты ай, бір жасқа келгенде міндетті түрде офтальмологқа апарып көрсету керек. Ретинобластоманы үйде де анықтауға болады. Түнде баланың көзіне жарық түсірсе, жанары жанып тұрады. Ол асқынған аурудың белгісі болса керек. Сондай-ақ, мұндай балалардың көп жағдайда көзі қыли болып келеді.

Баланың сан артериясы арқылы көз қантамырларына химиялық препарат жіберіліп, обыр жасушаларын өлтіреді. Әдіс осы. Кейін қосымша бірнеше терапия алынады. Аталмыш операцияның Қазақстанда енгізілуі - тек педиатрияда ғана емес, Отандық медицинаның озық тәжірибесі деп бағаланып отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу