Мәжіліс конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 6 заң жобасын Сенатқа ұсынды. Бұл туралы сарапшылар форумында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Заң жобалары арасында «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Президент туралы», «Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы», «Конституциялық сот туралы» құжаттар бар. Қазақстан осы реформаларымен аймақта және жалпы посткеңестік кеңістікте жаңа үрдісті белгілеп отыр, - деді Мемлекеттік кеңесші. Елде Парламенттің рөлі күшейеді. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі енгізіледі. Келер жылдың қаңтар айынан жаңа бақылаушы орган - Конституциялық сот арқылы азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа құқықтық тетіктері жұмыс істей бастайды. Осының барлығы мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын қалыптастырады, - деді Ерлан Қарин.
Дарын Сағитов