Қостанай облысында өртенген орманды қалпына келтіру жұмысы басталды. Алдымен Қостанай-Әулиекөл тас жолының бойындағы 20 гектар жердің күйген ағаштары оталды. Бүгін осы тазартылған орынға жол жиегін жағалай 1400 түп қарағай көшеттері отырғызылды. .
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мына қарағай көшеттері Ақмола облысынан әкелінген. Олардың арнайы тәлімбақта дәнегінен өсіп шыққанына 7 жылдай уақыт болыпты. Әрқайсының құны 6 жарым мың теңге тұрады. Ал енді көшетті отырғызайық.
Қарағай – күй талғамайтын қарағаш емес. Жаңа орында жерсініп кетуі қиын. Сондықтан орманшылар оның дұрыс отырғызылуын жіті қадағалайды. Жұмысқа жақын елді мекендерден ондаған еріктілер келді. Жасы да жасамысы да бар.
Нұржан Ермағанбетов, Қостанай қаласының тұрғыны:
Мемлекет не береді деп отыруға болмайды. Өзіміз не жасаймыз, болашаққа не қалдырамыз деп ойлауымыз керек. Бүгін Әулиекөлден, Аманқарағайдан, Қостанайдан келіп міне, ағаш отырғызып жатырмыз.
Биыл барлығы 60 гектардан астам алқаптан 10 мың текшеметерге жуық күйген ағашты кесіп, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Кесілген ағаш заңмен бекітілген ережеге сәйкес сұрыпталып, саудаға шығарылады. Түскен қаржы орманды қалпына келтіруге жұмсалады. Оталатын орманның аумағын анықтап белгілеуге 100-ге тарта адам жұмылдырылды. Ал ағашты құлату, бұтағын тазалау, тасымалдау тәрізді шаруаны 63 адамнан тұратын 7 бригада атқарады. Сонымен қатар осы жұмыстарды жедел атқару үшін 14 трактор сатып алынған.
Димаш Қожабеков, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Осы күзде 31, 5 гектар жердің күйген ағашы оталып орнына 25 мың дана көшет отырғызылады. Оның 19 мыңнан астамы қарағай, 5 мыңнан астамы қайың көшеттері.
Бүгінде Ақмола облысындағы тәлімбақтардан 30 мың түп қарағай көшетін сатып алуға келісім-шарт дайындалды. Қажетті қаржы «Қайырымдылық KZ» қорынан бөлінеді. Мамандардың айтуынша өртенген орманның орнын толық тазалап, көшеттер отырғызып шығу үшін он жылдай уақыт қажет. Естеріңізге салай кетейік, қыркүйектің басында 40 мың гектардан астам орман алқабы жанып кетті.
Дәуренбек Әбдібек