Вашингтонда қазақтың ұлттық тағамдары дайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда қазақтың ұлттық тағамдары дайындалды

18.10.2022

Қазақтың ұлттық тағамдары АҚШ астанасы Вашингтонда. Елшіліктердің бас аспаздарының арасында жыл сайын өтетін байқауға Қазақстан тарапы да қатысты. Қырық елдің елшіліктерінің дастархан мәзірін Вашингтондағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы да көріп қайтты.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Аспаздардың жарысы бірнеше жылдан бері өтіп келеді. Десе де Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Міне дастарханнан жеті түрлі тағамды көруге болады. Міне мынау қоспа деп аталады. Қайнатылған сүттен жасалған. Әрине әр өңірде әр түрлі жасалады. Алайда, негізгі технология осы. Осында келіп дәм татушылар да осы өнімге қатты ұнатқан. Ал, мынау қазақтың дәстүрлі тағамы бауырсақ пен балқаймақ. Дәмі құдды бір жайлауды еске түсіреді.

Қазақтың дастарханы көпке ұнаса керек, әр сәтте ұзын сонар кезек пайда болды. Ондаған адамға бір уақытта қызмет көрсету оңай емес әрине. Сондықтан елшілік қызметкерлеріне кішкентай Қасымхан да көмектесіп жүр.

Бұл жақсы әрі дәмді. Мен Қазақстанның тамағын бірінші рет татып тұрмын. Тіл үйіреді деп айта аламын.

Қазылар алқасы да мұқият, асықпай әр астың дәмін көрді. Тағам ғана емес, оның ұсынылуы мен жайылған дастарханның безендірілуіне де назар аударды.

Дастарханнан әдеттегідей қазы-қарта мен жал жая байқамайсыз. Бірақ, оның да өз себебі бар. Мұндағы жұрт жылқы етін жемейді, тіпті кейбір штатта тиым салынған.

Ертай Сұлтан, Вашингтондағы Абай орталығының үйлестірушісі:

Бауырсағымыз бар, қоспамыз бар, балқаймағымыз бар, самсамыз және мында мантылар бар. Енді бұл жерде ет қайда деген сұрақ туындайды әрине. Оны айтып өту керек, біріншіден, АҚШ-та жылқы еті жеуге келмейді.

Елена, бас аспаз:

Бүгін манты ұсынамыз, оның бәрін өзім қолмен бүктім. Етпен және көкөніспен. Арнайы көкөніспен істедік, өйткені мұнда ет жемейтін адамдар бар.

Биылғы байқаудың бас жүлдесі Филиппин елшілігіне бұйырды. Десе де мақсат жеңіс емес, жеңсік асты жария ету. Сондықтан бүгінгі шара ұлттық тағамдар арқылы қазақты танытудың тағы бір жолы болды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу