Қостанайдағы орман өртінің тұтануына табиғи факторлар себеп болмаған. Тергеу деректеріне сүйене отырып, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді. Себебі дәл сол күндері өрт шыққан аумаққа найзағай түспеген. Министр сонымен қатар 3 қыркүйек күні аумақты тікұшақпен бақылау барысында негізгі өрттен 2 шақырымдай жерде тағы бір от ошағы көрінгенін айтады. Яғни, бұл өрттің бірнеше жерден тұтанғанын көрсетеді. «Осыған сәйкес оттың тұтануына адами фактор себеп болды деуге толық негіз бар» - дейді Юрий Ильин. Орманмен бірге далалық алқап та жанған. Бағасын қымбаттату үшін далада жиналып тұрған шөпті біреулер қасақана өртеуі де мүмкін. Министр мұндай жағдай кезінде Батыс Қазақстанда анықталып, шөп өртеушілер ұсталғанын алға тартты.
Дәуренбек Әбдібек