Мемлекеттік сатып алу жүйесін толығымен автоматтандыру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу жүйесін толығымен автоматтандыру керек

17.10.2022

Мемлекеттік сатып алу жүйесін толығымен автоматтандыру керек. Сонда ғана бұл саладағы жемқорлықтан арыламыз. Мердігерлер мен сарапшылар бармақ басты, көз қыстымен өтетін байқаулармен осылай күресуді ұсынып отыр.

Мемлекеттік аудит қызметі 288 млрд теңгенің тендерінде ереже бұзылғанын анықтаған. Бұл биыл тоғыз айда жасалған тіркелген дерек. Нәтижесінде 272 млрд теңгенің келісімшарттарындағы қате жойылған. Сарапшылар заң талабының сақталмауына алдымен арнайы маманның болмауы себеп дейді.

Ерік Елкеев, сарапшы:

Ол мамандықты көбінесе бухгалтерге, экономистке немесе заңгерге жүктеп қояды. Әрине олардың оқыған мамандықтары басқа. Бірақ та мемлекеттік сатып алу мамандығының ерекшелігі – ол осы үрдістердің барлығының симбиозы.

Кейде техникалық қателерге жаңарған ереже де себеп болады. Мәселен, мемлекеттік сатып алу туралы заң соңғы рет биыл 1 шілдеде өзгертілді. Онда бір көзден сатып алу негіздерін азайту шаралары қабылданған. Алайда мердігерлер байқау толық электронды форматта жүргенін қалайды. Өйткені, шешімді адам қабылдайтын болған соң, жеңұшымен жалғасу сол жерден басталады.

Дархан Рахимов, «Атамекен» ҰКП құрылыс комитетінің мүшесі:

 Біздің портал ашық және түсінікті. Әрине жаңалық енгізген кезде техникалық қателер болады. Мысалы, қазір өнім берушілерді таңдауда адамның қатысуын болдырмау үшін балдық - рейтингтік жүйе енгізіп жатыр. Ол салық комитетінің деректеріне сүйеніп жасалады. Шатаспасам 1 тамыздан бастап осы ережемен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір аздаған қателіктер бар. Оларды жойса, сатып алуда мүлдем адами фактор қалмайды.

Техникалық сипаттаманы белгілі бір мердігерге бейімдеп жазу да адами фактордың әсері. Тапсырыс беруші басқалар талапқа сай келмейтін шарттар қою арқылы әділ бәсекені жояды. Мемлекеттік сатып алу жүйесін майшелпекке айналдырғандар заңсыз демпинг, яғни қасақана нарықтағыдан төмен баға қою, тым жоғары біліктілік талаптарын белгілеу, ұлттық стандарттарды көрсетпеу немесе дұрыс қолданбау сияқты әдістерге жиі жүгінеді. Осындай заң бұзушылықтарға жыл басынан бері 19 381 шағым түскен.

Шағымдардың негізгі себептері:

- шартты жеңілдікті қолданбау немесе заңсыз қолдану - 31,33%;

- конкурсқа қатысуға заңсыз рұқсат беру - 40,35%;

- өтінімді заңсыз қабылдамау - 23,3%;

- басқалары - 4,4%.

ҚР Қаржы министрлігінің дерегі:

Бүгінде келіп түскен шағымдардың жартысына жуығы қанағаттандырылған. Өткен 9 айда аудит нәтижелері бойынша 608 шарт жарамсыз деп танылуға тиіс деп анықталса, оның ішінде 501 жойылды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу