Кезектен тыс президент сайлауына 12 кандидат ұсынылды. Қазір орталық сайлау комиссиясында президенттікке үміткерлерді ұсыну бойынша қорытынды жиын аяқталды.
Асылбек Данияр, тілші:
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, президенттікке ұсынылған бес кандидат қол жинауға кірісіп кетті. Жалпы, құжат тапсырған үміткер саны -12. Олар: Жигули Дайрабаев – «Ауыл» партиясы атынан, Мейрам Қажыкен – «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан, Нұрлан Әуесбаев - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан, Қасым-Жомарт Тоқаев – Халықтық коалиция атынан, Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсы» атынан, Нұржан Әлтаев – «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі атынан, Жұматай Әлиев – «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан, Талғат Ерғалиев – «Қазақстан құрылысшылар одағы» атынан, Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан, Хайролла Ғабжалилов – «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» атынан, Бақыт Жаңабаев - «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігі атынан, Фатима Бизақова - «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан. Ал, үміткерлерді тіркеу, қол жинау 21 қазанға дейін жалғасады. Әр кандидат кемі 118 273 сайлаушының қолын жинауы тиіс. Ал, 21 қазан сағат 18.00-де үгіт-насихат жұмыстары басталады. Айта кетейік, әлі 7 кандидат мемлекеттік емтихан тапсырып, олардың заңнама талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
Асылбек Данияр