Астана маңындағы Қосшы ауылының тұрғындары жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана маңындағы Қосшы ауылының тұрғындары жылусыз қалды

06.02.2019

270 отбасы жылусыз отыр. Барлығы Астана маңындағы Қосшы ауылының тұрғындары. Көпқабатты үйдің пәтер иелері қақаған қысты жылда солай қарсы алады. Жылу айдайтын сорғылары жиі бұзылып, халықтың ығыры шықты.

Қыс қаһарына мінгелі анасы мен үш жасар қызы пеш жанында жан бағып отыр. Өйткені, батареяларда жылу жоқ. Бірақ, тоңып қалмас үшін ай сайын кешіктірмей төлем жүргізеді екен. Әйтсе де, 30 шаршы метр пәтері күн-түн азынап тұрады.

Ләззат Мамадаева, тұрғын:

- Міне, батареялар мұздай. Пешті қолданамыз. Сәлде болса, жылу сақталу үшін бөлменің есігін қымтап қойдық. Қызым да, өзім де қалың киініп жүреміз. Бойымыз жылымайды мүлдем.

Бүрсең қағып отырған тек бұл отбасы емес. «Орион» баспанасының А және Б бөлігіндегі тұрғынның бәрі тоңып жүр. Екі тұрғын үйде 270 пәтер. Кеше түнде насос жарылып, басқасын орнатқан. Алайда, одан да ақау табылған.

Зайра Сейдахметова, тұрғын:

- Үш жылда бізде су да, жылу да жоқ. Балалардың бәрі ауырып жатыр, батареялар жарылып жатыр.  

Ботахан Шәкібаев, тұрғын:

- Ай сайын ақша жинайды. Бәрі төлейді, төлемейтін адам жоқ. Бірақ, ПИК-тен пайда жоқ. Жыл сайын сорғыға ақша жинайды.

Алайда, сол орнатқан сорғылары жылда сынады. Ал, мәселені түбегейлі шешу үшін қуатты қондырғы қажет. Оның құны 700 мың теңгеге жуықтайды.

Мейрамбек Үдербаев, «Орион» ЖПИК төрағасы:

- Қаражатты қарастырып жатырмыз. Біз бұл кісілерден ләжі болса, 1 тиын да алмауға тырысып жатырмыз.

Халықтан қаржы сұрамайтынын әкім неге білмейді?

Ержан Жолымбетов, Қосшы селолық округінің әкімі:

- 2 сорғыны аудандық әкімдік алып береді. Міне, шешімі бар қолымда.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Ақыр аяғында суыққа тоңатын да, сынған сорғының орнына жаңасын алып беретін де халық болып шықты. Тек бір түсініксіздігі, Пәтер иелері кооперативі төрағасы мен әкім сөзі неге қабыспайды? Сол жағы күмәндандырады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу