Ірі сауда желілеріне тауар өткізуді реттейтін жаңа заң керек
Отандық ауылшаруашылық өнімді ірі сауда желілеріне өткізуді реттейтін заңдарға өзгеріс енгізу керек. Мұндай ұсынысты кәсіпкерлер жасады. Олардың айтуынша, ірі супермаркеттер аса танымал емес өнімді сатуға құлықсыз. Оның үстіне нарыққа еніп алған шетелдік компаниялармен бәсекелесу де оңай болмай тұр.
Сауда қызметін реттеу туралы заңға сәйкес, сатушы өндірушіден 5 пайыздан артық сыйақы алмауы керек. Алайда, еліміздегі кәсіпкерлердің айтуынша, бұл талап көп жағдайда сақталмайды. Сондықтан, отандық өндірушілер өзіне тиімсіз шарттарға көнуге мәжбүр.
«Сауда желілері бұл норманы айналып өтудің жолын тапқан. Олар маркетинг, жарнама сияқты қызметтерін таңатын келісімшарт жасайды. Осылай сыйақы мөлшерін 20 пайызға дейін жеткізіп отыр. Нәтижесінде шығыны көбейген кәсіпкер тауар бағасын көтеруге мәжбүр болады. Ал ешкім танымайтын қымбат зат қалай өтеді? Сондықтан сауда саласын реттейтін заңдарды өзгерту керек».
Руслан Шәріпов те ірі сауда желілері қоятын шартпен жақсы таныс. Құс өсіруші тауарын су тегінге өткізіп жүрген әріптестері көп жағдайда кеткен шығынын ақтай алмай қалатынын айтады.
Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:
Проблемалар бар ондай. Бонус деген, акция деген. Одан басқа, сөре дейді. Сөреге алдына қойса қымбаттау. Яғни әкелген адам арзандау беруі керек, аналар қымбаттау қоюы керек. Оның бәрі өндірісте жұмыс істеп жатқандардың емес, алып сатарлардың пайдасы.
Бұл тек ірі сауда желілеріндегі жағдай емес. Нарықтағы беделін пайдаланып заңды белден басатын базар иелері де көп. Бұл мәселе таяуда Сенатта да көтерілді.
Андрей Лукин, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
Монополияны пайдаланып сауда нүктесін жалға алушыларға қымбат баға белгілеу, тиімсіз шарттар таңу тыйылмай тұр. Мысалы Павлодар облысындағы «Квазар» базарының иесі саудагерлерге орынды арнайы делдалдары арқылы қымбатқа беріп келеді. Онымен қоса тоңазытқыш, таразы, арба сияқты керек жабдықтарды жалдауға мәжбүрлеп, сатушыларға өз құралдарын қолдануға тыйым салған. Мұндай әдісті басқа қаладағы сауда орындары да қолданады.
Депутат бірде-бір уәкілетті орган осындай әлеуметтік маңызы жоғары саладағы заңнаманы ретке келтіруге бастамашы болмағанын алға тартты. Өз кезегінде ол отандық тауар өндірушілерге ұзақ мерзімді келісімшарттар ұсынып, кәсібін дамытуға жағдай жасауды ұсынды. Ал жауапты министрлік жыл соңына дейін арнайы жоба жасамақ. Ал әзірге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендетумен айналысуда.
Кристина Кремер, ҚР Сауда және интеграция министрлігі өкілі:
Қолданыстағы заң бойынша үстеме 15 пайыздан аспауы керек. Министрлік ұсынған меморандумға сәйкес бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін түсіру көзделген. Қазір елдегі 109 желінің қырқы бұған келісіп отыр. Қалғандары жақын арада жауабын береді.
Осы келісім сауда желілерінің әлеуметтік жауапкершілігі қандай екенін көрсетеді. Тауар бағасы негізсіз қымбат болса тұрғындардың шағымын қабылдайтын call-орталықтар жұмыс істеп тұр. Мұндай арыздар министрліктің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы да қабылданады.
Серік Селеубайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы