Қостанай облысы тасқынға толық дайын
Қостанай облысының Қарасу ауданында тасқыннан кейін
2 жыл уақыт өтсе де, төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Себебі топан судың
салдарымен жергілікті әкімдік әлі күресіп келеді. Осы уақыт аралығында елді
мендерді жалғайтын жол салынды, көпір тұрғызылды. Ал биыл тасқыннан қауіп бар
ма? Ауылдағы ахуал қандай?
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Осыдан екі жыл бұрын 5 бірдей өзен арнасынан тасып, топан су телегей теңізге айналды. Иен далаға жайылған 1,5 млрд текше метр суды ағызып, арылу үшін Қарасу ауданынан 20 км жерде осы канал қазылды. 14 шақырымға созылған оның ені қазір 80, кей жерде тереңдігі 20 метрге жеткен. Себебі екі жыл уақыт өтсе де еріген қар суы осылай тоқтамастан сарылдап ағып жатыр.
Қарғын судың екпіні ернеуін жырып, жан-жағы опырылып тұр. Оқыс жайттың алдын
алу үшін құмнан бөгет тұрғызылған. Ал бар лай-батпақ Құндызды өзеніне барып
құйып жатыр. Былтырдан бері түбінен 100 мың текше метрден аса құм шығарылған.
Жұмыс биыл жазда бітуі тиіс. ТЖ режимі тек бар қауіп сейілген соң алынады. Ал
қазылған канал кесірінен қатынасы қиындаған елді мекеннің бірі Новоселов ауылы
еді. Былтыр көпір салынып, төте жол түсті.
Ербол Қалиев, Ильичев ауылдық округінің әкімі:Бұрын Новоселовка ауылынан Қостанай қаласының орталық ауданына қарай жүру қиын болатын. Тұрғындар жолды айналып өтіп, дала жолы арқылы шамамен 30 шақырым жүріп, Әулиекөл ауданы арқылы ғана жететін. Бұл өте ұзақ еді. Ал Қостанай қаласына баратын жол тіпті 400 шақырым. Қазір қатынас қалпына келді.
2 жыл бұрын нөпір су бұзып өткен Қарасу-Большая Чураковка мен Севастополь
бағыты да биыл жөнделіп жатыр. Тамыз айына дейін тақтайдай тас жол төселуі
тиіс. Ал өңірде тасқынға қарсы дайындық наурыз айында басталды. Әсіресе
облыстың оңтүстік аудандарында сақтық шаралары күшейді.
Зейнолла Қуандық, Қарасу ауылының тұрғыны:
Биыл да, былтыр да қарды жақсы шығарды. Мәселе Торғай жақтан, Ушаков, Панфилов деген бұрынғы Октябрь ауданы жақтан келген су. Біз өзіміздің қардан суға кетпейміз ешқашан. Ал биыл қар жоқ, оған қоса тазартты бәрін.
Қарасу ауданында 39 елді мекеннің 16-сы қауіпті аймақта. Сондықтан алдын ала
450 тонна инертті материал мен 14 тонна жанар-жағармай дайындалды. Қазір
Тімтуір өзенінің су деңгейі көтеріліп, Қарамырза ауылына жақындаған. Былтыр
тұрғызылған бөгет оны жібермей ұстап тұр. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ
дейді мамандар.
Жалғасбек Марат, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға
инженері:
Су қаупі бар аумақтарға мобильді топтар Жангелді ауданы, Қарасу, Амангелді, Әулиекөл және Арқалық қаласына жұмылдырылды. Жеке құрамның саны 2 мыңнан асады. 416 бірлік техника және 75 жүзу құралдары, 651 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай тұрақты, елді мекендерге қауіп жоқ.
Жалпы облыста биыл 1 млн текше метрден астам қар шығарылып, 51 су бұру каналы
тазартылды. 2 шақырымнан аса бөгет нығайтылған. Сондықтан ауыл-аймақты су басу
қаупі жоқ, тасқынға тосқауыл болуға аймақ тас түйін дайын дейді мамандар.
Автор
Мәдина Нағашыбай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«Астана Опера» театрында Вердидің «Травиатасы» сахналанды
06.04.2026, 17:27
Биыл Алматыға 550 мың түрлі ағаш егеді
06.04.2026, 17:25
«Ауыл аманаты»: БҚО-ға ₸ 14,8 миллиард бөлінген
06.04.2026, 17:22
Алғаш рет изолейцин және лейцин өнімі шығарыла бастады
06.04.2026, 17:20
Алматыда қалдықты құрылыс материалына айналдыратын зауыт ашылды
06.04.2026, 17:17
Жамбылдық жас мамандар жұмысқа конкурссыз қабылдана бастады
06.04.2026, 17:15
Су инфрақұрылымы цифрлық жүйеге көшеді
06.04.2026, 17:12
Алдағы үш күнде күн күрт суытып, қар жауады
06.04.2026, 17:07