Президент сапары: Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы мен Шымкент қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сапары: Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы мен Шымкент қаласына барды

02.10.2022

Қазақстанға келсек, Түркістан облысындағы сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елден ағылған көш мәселесіне де тоқталды. «Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек», -деді. Бірақ көмекті жеңілдікпен шатастырмау қажет. Бәрі тек заң бойынша жүргізілуі тиіс деп ескертті Президент.

Ал Абай облысына сапарында Тоқаев қазір әлемді ядролық қару қолданудың қаупі алаңдататынын атап өтті. Бұл қасіретті кезінде сынақ алаңы болған Семей жұртынан артық кім түсінеді?!

Көрші елден көшіп келгендер мен Семейдің проблемаларына кеңірек кейін тоқталамыз. Әзірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысы мен Шымкент қаласына сапары жайлы материал. Досжан Маратұлы тарқатсын.

Бұл сапарда президенттің Түркістанға ықыласы ерекше көрінді. Барған бойда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кірді, ата-баба рухына құран бағыштап, зиярат етті. Дұға жасады. Қазір ел іргесінің берік болуы бәрінен маңызды. Өзгені айтпағанда Ресей-Украина арасындағы соғыс тоқтар емес. Геосаяси ахуал күн сайын ушығып жатыр.Бұл ретте еліміз бейтарап ұстанымда бола береді. Біз үшін бейбітшілік бәрінен қымбат.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған.

Алты Алашты алаңдатқан тағы бір мәселе – ресейліктердің елімізге жаппай ағылуы. Түркістанда жүргенде президент бұған қатысты да пікір білдіріп, «оларға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер жасалмайды» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым.

Президенттің айтуынша, келгендер елде заң аясында жүріп-тұруы тиіс. Бұл уақытша құбылыс. Жақында Ресей тарапымен келіссөздер жүргізу арқылы, мәселе еліміздің мүддесіне сай шешілмек. Оған дейін береке-бірлікті сақтауымыз керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Ресейдегі тұрақсыздыққа байланысты 70-тен астам шетелдік компания елімізге көшіп жатыр. Соның төртеуі инвестициясын Түркістанға бұрып, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы жобаларын осында жалғастырмақшы.

Қайрат Әзімов, Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасының басшысы:

Бұл жерде жылына 3 мың сағат күн сәулесі түседі екен. Сондықтан күн электр станцияларын салу өте тиімді болып тұр. Қазір екі жобаны жүзеге асыру көзделген жылдың соңына дейін. Италиялық компанияның қатысуымен Отырар ауданында күн электр станциясының құрылысы аяқталып қалады.

Жалпы Түркістан облыс болғалы тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. 154 тұрғын үй мен керуен сарай, қонақ үйлер, кітапхана, театр, визит центр секілді нысандар бой көтерді. Осының бәрін көрсем, тау-тасы тарихқа бай өлкемен таныссам дейтін туристер саны 2 млн-ға жеткен. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қызмет көрсету саласын дамытып, аймақ әлеуетін толықтай пайдалануымыз керек деді президент. Былтыр шаһарға Түркі әлемінің рухани астанасы деген атақ берілген. Енді мәртебесі тағы арта түспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын.

Елімізде әрбір 7-ші бала осында дүниеге келеді. Сондықтан апатты мектептерді жойып, олардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасалуы қажет. Осы мақсатта қазір 59 білім ұясы бой көтеріп келеді. Ана мен бала өлімін азайту үшін аурухана да салынбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын.

Түркістаннан кейін Тоқаев Шымкент шаһарына барды. Жергілікті жұртпен кездесті, аймақтағы ахуалмен танысты. Тіршілігі қайнаған қала – тоғыз жолдың торабында тұр. Экономикалық-логистикалық әлеуеті зор. Сондықтын ол оңтүстіктегі ірі хабқа айналуы тиіс деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Шымкент ауыл шаруашылығы дамыған өңірлермен іргелес жатыр. Бірақ салада озық технология жеткіліксіз. Еңбек өнімділігі төмен. Сондықтан Президент кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап, экономиканы әртатраптандыруға тапсырма берді. Ол үшін «Іскер қала» бағдарламасы жетілдірілмек. Тағы бір маңызды міндет - қаланың бас жоспарын өзгерту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі –Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан, Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын.

Қазір қалада 49 мыңнан там азамат үй кезегінде тұр. Соның 9 мыңы биыл қоныс тойын тойлайды. Өйткені млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осы ретте президент үй бағасын негізсіз көтермей, қолжетімділікті арттыруды тапсырды. Ал іргелес жатқан 41 елді-мекен қалаға қосылғалы инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселеге айналған. Тіпті 8 ауылда мүлдем газ жоқ. Қала басшылығына бұл мәселені шұғыл шешіп, әлеуметтік және мәдени нысандар салу жүктелді.

Бұдан соң президент өңірге еңбегі сіңген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, кейбіріне алғыс жариялады. Арасында Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев пен Нұркен Намаз бар. Бұл үш патриот былтыр стадион шатыры құлап, туды басып қалғанда, көк байрақты үйіндінің астынан алып шыққан.

Әбілқайыр Дәулетов, Шымкент қаласы №27 мектептің мұғалімі:

Бірінші мақсат жүгіріп құтқару керек болды. Бардық. Тексеріп шықты барлығын. Бірақ астында адам жоқ. Бір қарасақ еліміздің көк туы жерде жатыр екен. Біздің қазақтың туы ешқашан жерде жатпаған, төмен түспеген. Еліміздің көк туы әрқашан көкте желбіреген. Сол мақсатта ешқандай қорқыныш болған жоқ, ешқандай ойда болған жоқ. Бірінші барып туымызды құтқардық осы жігіттермен бірге.

Халықпен жүздесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын бірнеше жыл бұрын жаңғыртудан өтті. Қосымша үшінші цех ашылды. Жаңа қондырғының көмегімен мамандар 1 тонна мазуттан 500 келі бензин, 180 келі дизель мен 120 келі газ өндіреді. Ал бір тонна шикізатты өңдеу құны 35 мың теңге. Еңбек ұжымына сәттілік тілеген президент өндірісті арттыруды тапсырды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу