Өзбекстанда газобетон өндіретін қазақстандық зауыт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда газобетон өндіретін қазақстандық зауыт ашылды

30.09.2022

Өзбекстанда газобетон өндіретін қазақстандық зауыт ашылды. Еліміздегі құрылыс материалдарының ірі өндірушісі саналатын «Ecoton» компаниясы Ташкент облысының Ангрен қаласында жаңа нысанды іске қосты. «Ecoton Sharq» деп аталатын өндіріс алаңын салуға 12 млн АҚШ доллары жұмсалған. Құрылыс үш жыл бұрын басталған. Пандемияға байланысты биыл ғана аяқталды. Ашылу салтанатына екі елдің билік өкілдері мен ірі құрылыс компанияларының басшылары қатысты.

Газоблок шығаратын өндіріс орны соңғы үлгідегі заманауи құрал жабдықтармен жарақтандырылған. Қуаттылығы жылына 300 мың текше метрді құрайды. Мамандардың сөзінше құрылыс материалының бұл түрін өндіру үшін сертификатталған минералды шикізат қолданылады.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Зауыттан шыққан өнімнің ерекшелігі сол экологиялық таза әрі сапалы саналады. Қабырғалар құрастырылғанда жылуды жақсы сақтайды, әрі дыбыс өткізбеу қабілеті жоғары. Сондықтан сұраныс көп. Қазірдің өзінде дайын өнімнің 70 пайызы экспортқа шығарыла бастаса, қалған 30 пайызы Өзбекстандағы құрылыс нысандарында қолданылмақ.

Өндірісте 180 ге тарта адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшыларды көбейтіп, өнім көлемін арттыру жоспарда бар. Өзбек елінде құрылыс материалының бұл түрі кеңінен таныстырылды. Зауыт басшылығы газоблоктың артықшылығы бағасында деп отыр. Яғни кірпіш немесе ағаш сияқты қымбат емес. Оның үстіне көлемді болған соң, тұрғын үйлер мен ғимараттарды жылдам тұрғызуға мүмкіндік береді.

Қазақстан-өзбек еліне Ресей мен Қытайдан кейінгі ірі инвестиция салушы мемлекет саналады. Ал, «Ecoton» компаниясының Ангрен қаласынан жаңа зауыт ашуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді.

Музафар Файзиев, Ташкент облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Өзбекстан мен Қазақстан арасында іскерлік байланыс нығайып келеді. Осы зауыттың өзі тығыз байланыстың нәтижесі деп айтар едім. Жергілікті халықты тек жұмыспен қамтып қоймай, құрылыс нысандарын ең қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. Газоблоктар әсіресе Ташкент қаласында салынып жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлерге қолданылады.

 «Ecoton» компаниялар тобының автоклавты газобетон өндіретін зауыттарының өндірістік қуаты жылына 550 мың текше метр. Сұранысқа ие материалдар өндіру инновациялық-технологиялық даму бағдарламасы шеңберінде іске асырылды. Кәсіпорынның өнімі-жоғары сапалы құрылыс материалдарының ұлттық брендіне айналған. Компания басшылығы алдағы уақытта құрылыс материалдарын алыс жақын шетелдерге саудалаймыз деп отыр.

Бауыржан Баймұханов, «Экотон» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

Экспортқа жоспарымыз бар. Шымкентке, Түркістанға, Қырғызстанға. Себебі, мысалы Бішкекте, Ошта осындай зауыттар жоқ әлі.

Ангрендегі зауыт «Ecoton» компаниясының алтыншы жобасы. Бүгінде компанияның Ақтөбе, Астана, Қандыағаш пен Алға қалаларында өндірістік алаңдары бар.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу