Қазақстандық вакцина өндіретін зауыт маусым айында іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық вакцина өндіретін зауыт маусым айында іске қосылады

24.05.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады. Ғали Есқалиев президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері, жер қатынастарына қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және Жайық трансшекаралық өзенінің проблемалары жөнінде баяндады. Сондай-ақ өңірді сумен және жылумен қамтамасыз етуге, автожолдар салуға және электр желілерін жаңғыртуға қатысты мәселелердің қалай шешіліп жатқанын айтты. Ал Мемлекет басшысы аймақтың ет өнімдерін ұлғайтуға және осы салада еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін атап өтіп, әкімдіктің Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың ғылыми-өндірістік базасын құру жөніндегі жоспарын қолдады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Аймақ басшысы президентке өңірдің төрт айдағы даму қорытындылары мен Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен эпидемиологиялық жағдай сөз болды. Әрі облыста Президент тапсырмасына сәйкес өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің этно картасы жасақталған. Мемлекет басшысына Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй, жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша 392 жоба іске асырылған. Ал Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, тиісті қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыттың сынамалық қосылуы маусым айына белгіленген.


Хабарламаларға жазылу