Түркістан облысында төрт елді мекеннің халқы байланыссыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында төрт елді мекеннің халқы байланыссыз қалды

29.09.2022

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында төрт елдімекеннің халқы байланыссыз қалды. Екі жарым мыңдай тұрғын бір айдан бері интернетсіз отыр. Жұрт туған-туыспен байланыс тұрмақ жедел жәрдем қызметін де шақыра алмайды. Ал, мұғалімдер күнделікті журнал толтыру үшін көрші ауылдарға қатынауға мәжбүр.

Жыланды ауылының жасы да, жасамысы да қыр мен сай жағалап кеткен. Өйткені елдімекенде қыркүйек айының басынан бері байланыс жоқ. Қатты желден мұнара құлап, жұрт интернетсіз қалды. Салдарынан ауыл жастары мен мұғалімдер күнұзаққа дала кезіп кетті деп ашынады жұрт

Мықтыбек Жұманов, ауыл тұрғыны:

Жедел-жәрдем шақыру, өрт сөндіру қызметін шақыру мүмкін емес. Интернеттің жоқтығынан мұғалімдер көрші ауылға барып, сабақтарын түнгі сағат екі-үшке дейін жазып кеп жатыр.

Тұрғындар соңғы жарты ғасырда жолдан басқа өзгерген ештеңе жоқ деп жыларман күйде. Көгілдір отын тартылмаған. Ауыз су да тұрақты емес.

Айнұр Ақбаева, тілші:

150-ге тарта отбасы тұратын Жыланды ауылында электр бағаналардың басым көпшілігі тозығы жеткен. Желдің өтінде орналасқан елдімекенде жарық жиі сөніп қала береді. Мұндағы жұрт жел тұрса болды, ауыз сусыз қаламыз дейді.

Ескі бағаналар әр үйдің ауласында қисайған күйі қалып қойған. Кемі 50 жыл бұрын қойылған бөренелер әбден шіріп тұр. Салдарынан үп еткен желге үзіліп, желілер жалғаудан қалыпты.

Жарық жиі сөніп қала бергесін тұрмыстық техникалар жаппай күйіп кеткен. Енді оны кімнен өндіріп аларын білмей дал. Жуырда ауыл жастары ортадан екі мотор алып, суды қосқанымен олар да күйіп кетті дейді.

Шіріген бағаналарға шығуға мамандар да қорқады. Амалсыздан көрші ауылдан кран шақырттық дейді тұрғындар. Жауаптылар тозған бағаналарды ауыстырамыз деп уәде бергелі он жылдан асты. Бірақ ол орындалмаған. Ал ауыл әкімдігі басшылығы тозығы жеткен электр бағаналары ауданның меншігінде емес деп ақталды.

Нұржан Сыздықбаев, Боралдай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

Өзі «Оңтүстік жарық транзит» инвест жобасына байланысты Жыланды кезекпен ауысу жоспары қойылған. Сол жоспарға сәйкес бағаналар ауысады. Уақытын айтпады ма? Уақытын айтқан жоқ.

Ал интернет байланысына жауапты тұлға бұл уақытша қиындық екенін жеткізді. Айтуынша, құлаған үлкен мұнара іске жарамай қалған. Енді қажетті саймандарды шетелден алдыртып жатқанын алға тартты.

Сейсенғали Арыстанбаев, Бәйдібек ауданы әкімі аппараты ақпараттық қауіпсіздік бөлімі басшысы:

Оларда өздеріде де акционерлік қоғам ішінде мемлекеттік сатып алу процестері бар, заявка беріледі, қаржы қарастырады. Сондай мәселелері бар.

Осылайша мамандар байланыссыз қалған төрт ауылға 1-ші қазаннан кешікпей интернет қосылады деп сендірді. Егер кешігіп жатса шара көру жағын қарастыруға уәде етті. Алайда ашынған халық билік уәдесінде тұрмаса, облыс басшыларына барамыз деп бекініп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу