Түркістан облысында боран салдарынан әлі күнге 81 елді мекеннің тұрғындары жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында боран салдарынан әлі күнге 81 елді мекеннің тұрғындары жарықсыз отыр

15.03.2021

Түркістан облысында 80-нен астам елдімекен жарықсыз отыр. Демалыс күндері аймақта қатты боран соғып, соңы қарға ұласты. Салдарынан, 2700-ге тарта электр бағаналары құлаған еді. Қазір бізбен осы өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тікелей байланысқа шығуға әзір. Айнұр, қайырлы күн! Бораннан кейінгі ахуал қалай?

Айнұр Ақбаева, тілші:
Демалыс күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Түркістан облысында бірнеше бағыттағы жолдар жабылып, тас жолдарда көлік кептелісі орын алды. Сонымен қатар жоғары кернеулі электр бағаналары мен ағаштар құлап, үш аудан мен екі қаладағы бірнеше елді мекен жарықсыз қалды. Кентау қаласында жарықтың сөнуі салдарынан жылу қазандығы істен шығып, жергілікті екі тәулік бойы жылусыз қалды. Тек кеше кешкісін ғана қазандық қалпына келтіріліп, пәтерлерге жылу беріле бастады. Ал, өңірдегі 81 елді мекеннің халқына жарық беру мәселесі әлі толық шешімін таппады.
Иса Елеусізов, Түркістан облыстық ТЖД бас маманы:
Қазіргі таңда Кентау және Арыс қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы , Отырар аудандарында 31 ауылдық округте 25559 абонент жарықсыз отыр. Ол жерде 2692 жоғары кернеулі бағаналары құлаған. Қазіргі таңда осыны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Электр бағаналарын қосу бойынша 25 бригада және 57 құрам жұмыс істеп жатыр.

Боран салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылып, ондағы электр шамдары да құлаған жағдайлар орын алды. Салдарынан көлік кептелісі туындап, көшелерге мұз қату салдарынан көліктер соқтығысқан жағдай орын алды. Алайда бүгіннен бастап, жағдай реттеліп, қазір барлық бағыттағы жолдар ашылды. 

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу