Ұлттық сахнаның жоғын жоқтап, барын түгендеген белгілі сыншы – Әшірбек Сығайды бүгін Қазақ елі ақтық сапарға шығарып салды. «Театр өнерінің Толыбайы» атанған тұлғаны көзі қимағандар көп болды. Алдымен Елбасының көңіл айту жеделхаты оқылып, замандас-әріптестері, өнердегі ізін басқан інілері арда азамат туралы тебірене еске алды.
Театр сынының серкесі қазақ театрының бүкіл тарихын, тәуелсіз жылдарда жеткен бүгінгі биігін зерттей жазды. Жас ұрпақ бойына ұлттық өнердің қадір-қасиетін түсіндірді. Киелі сахна төрін құрметтеп, нағыз артист қоғамның шынайы бетпердесіне айналу керек екендігін үйретті. Осы тағлымды еңбегі үшін «Құрмет» орденінің иегері, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Киелі өнерді көзінің қарашығындай бағалайтын ұстанымы бөлек тұлға өмірде де ақжарқын, оптимист болатын. Жарға адал, тек өз балаларының емес, бүкіл өскелең ұрпақтың асқар тау әкесіне айналды. Өмірінің соңы дейін Елордадағы Ұлттық өнер университетінде дәріс беріп, егеменді елдің турашыл театр сыншыларын даярлады. Еселі еңбек халқының мәңгі жүрегінде.
Жазира ИСАЕВА