Елде жалдамалы пәтерге қатысты жаңа ережелер енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде жалдамалы пәтерге қатысты жаңа ережелер енгізіледі

27.09.2022

Соңғы күндері Алматыда пәтер жалдау ақысы шарықтап кетті. Үй иелері осы бағаға көнесің не баспананы дереу босатасың деген талаптар қойған. Қазір елімізде тұрғын үй нарығына қатысты өзгерістер енгізіліп жатыр. Жалдау құнының қымбаттауынан зардап шеккендер кімге жүгінуі керек? Бұл тұрғыда заң талаптары қандай?

Валерий Жемчужный осымен бірнеше жыл қатарынан пәтер жалдап тұрып келеді. Айтуынша, табысының біраз бөлігін баспанаға төлейді. Осыдан бірнеше күн бұрын пәтер иесі жалдау құнын бірден қымбаттатқан. Жалақыдан жалақыға дейін әрең күн көретін отағасына бұл жағдай ауыр соққы болған.

Валерий Жемчужный, қала тұрғыны:

Барлығы бағаны көтеріп жатыр, мен де солай жасаймын деді. Сөйтіп жалдау ақысын 3 есеге бір-ақ қымбаттатты. Менің отбасым бар. Тапқан ақшам жетпейді. Маған екінші жұмыс қарау керек шығар, бірақ қазір жұмыс табу да оңай емес.

Үй иелерінің жалдау ақысын бірден қымбаттатып, табан астында пәтерін босатуын талап етуі заңсыз. Ол үшін арнайы ережелер бар, дейді заңгерлер.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Шарт болған жағдайда бір ай бұрын хабарлауы керек босат деп. Шарт болмаған жағдайда азаматтық кодекске сай 3 ай бұрын хабарлау керек. Шартты жайдан-жай бұза алмайды. Оның бірнеше ережесі бар: 1. Жалға берген сомасын төлемесе. Екіншіден жалға берілген мүлікке зиян келтірілсе. Үшіншіден жалға берілген мақсат бар тұруға ғана. Ол пәтерді комерциялық мақсатта пайдаланса бұза алады.

Осы талаптар бұзылса, пәтер жалдаушы сотқа жүгіне алады және сот процесі аяқталмайынша, сол баспанада тұруға құқылы. Заңгерлердің сөзінше, көпшілігі өз құқығын толық біле бермейді.

Жазира Аманбекова, делдал:

Бағаны біздің қазақ қолдан көтеріп жіберді. Өзіміздің қазағымыз далада қалып жатыр. Саябақта қонып жатыр. Саябақта қонған Ақтау, Атыраудан келген балаларды өзім кіргізіп алдым. Пәтердің жағдайына қараған да жоқ. Кірді де күрсініп отыра қалды. Шаршағаны соншама.

Соңғы күндері Алматыда бір, екі бөлмелі пәтерді жалдау 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін шарықтап кетті. Бұған шетелден келетін азаматтардың көптігі себеп болуы мүмкін, дейді мамандар. Осы орайда ІІМ хостел, жатақханалар мен пәтер иелерін көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Олар өзге ел азаматтарының орналасқан күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тиісті органдарға хабар беруге міндеттелді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалдамалы пәтерлердің нақты санын және иелерінің салық төлейтіні жайлы мәліметтер енетін бірегей тізілім құруды қолға алады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу