Президент сайлауы: Үміткерлер есімі жақында белгілі болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы: Үміткерлер есімі жақында белгілі болады

26.09.2022

Алдағы сайлау кезінде дауыс беруге арналған ғимараттар мүгедектігі бар азаматтар үшін барынша қолжетімді болуы қажет. Орталық сайлау комиссиясының отырысында жарымжан және ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға жағдай жасау туралы қаулы бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар ғимаратқа кіреберісте тұтқа, пандус, сондай-ақ басқа да қажетті керек-жарақты қарастыруы тиіс. Мүмкіндігінше дауыс беру кабиналары ғимараттың бірінші қабатында орналасқаны жөн. Ал жоғары қабатта болса, мүгедек азаматтардың көтерілуіне жағдайы жасалуы тиіс.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беру жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беру жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыста сайлау комиссияларына жәрдем көрсетсін.

Еске сала кетейік, Президенттікке үміткер кандидат ретінде тіркелу үшін кем дегенде 118 мың 273 адамның қолын жинау керек. Бұл дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 1 пайызы. Отырыста айтылғандай бүгінгі күні Президенттікке үміткер ретінде тіркелгендер жоқ. Ал саяси партия өкілдері жақын күндері осыған байланысты съезд өткізетіндіктерін мәлім етті. Сол кезде «саяси құрылымдар атынан Президенттікке үміткердің есімін жариялайтынын немесе үміткер ұсынбайтындарын нақты хабарлаймыз» деп отыр.

Дарын Сағитов  

Хабарламаларға жазылу