Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері арасында экспорт бойынша мақта екінші орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері арасында экспорт бойынша мақта екінші орында

25.09.2022

Мақта бар, тұжырымдама жоқ. Бар себеп осында. Қазір әлем бойынша 25-27 млн тонна мақта талшығы өндіріледі. Негізгі өндірушілер Қытай мен Үндістан, олардың әрқайсысына әлемдік көрсеткіштің төрттен бірі ¼ тиесілі. Одан кейін Пәкістан (9%), Бразилия (6%), Өзбекстан, Түркия (по 3%), Австралия (2%), Түркіменстан деп кете береді.

Бірақ көштің басындағы елдер тізімінде Қазақстан жоқ. Бір қызығы, мақта Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері арасында экспорт бойынша екінші орында.

Алайда осы саланы дамыту үшін арнайы тұжырымдама да жоқ. Кезіндегі мақта кластері іске аспады. Билік шаруаларды тұқым репродукциясы, пестицидтер алу сияқты шығындарға субсидия бөліп, қолдайды. Дұрыс айтсақ, қағаз жүзінде қолдайтын сияқты.

Төлеутай Рахымбеков6 «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мемлекеттік органдардың жоспарлау жұмысының қисықтығы деп есептеймін. Ал, жалпы менің ойым, ол субсидия жүйесін өзгерту керек. Тек қана бір субсидия қалдыру керек. Ол өндірілген өнімге берілу керек. Оның өзін төртке бөлу керек, бірінші тоқсанда 15 пайыз, екіншіде 15, үшіншіде 15, соңында 55 пайызын берсе. Сол кезде көктемгі егін жұмысына несие беру деген керек болып қалады. Бүгінгі күні Ливерпуль биржасында 2684 доллар әр тоннасы. Теңгемен 1 млн 200 мың тоннасы. Бірақ, ол мақта талшығы. Мысалы, даладан жиналған мақтадан 3 тоннадан 1 тонна талшық шығады. Сонда шикізатқа есептесеңіз, 1 млн 200-ді үшке бөлсеңіз 330мың теңге болады. Оның ішінде әлі тасымал бар ғой. Одан кейін Ливерпуль биржасына жеткенде сататын шығындар бар. Менің естуімше, соның өзіне ең аз дегенде 20 пайыз кетеді. Биржаның өзінде, тасымалдауды қоспағанда. Сондықтан, екі жақты ойлау керек, зауыттар да кәсіпкер ғой. Мен оларды қорғап тұрғам жоқ, бірақ жалпы жағдай осындай. 

Агро саланың маманы тағы бір түйткілді атады: мақтаның өнімділігі төмен. Қазір орташа есеппен 1 гектардан 30 центнерден ғана шығады. Шаруалар сапалы тұқым мен жаңа технологиялар пайдаланса, 1 гектардан 50 центнерге дейін өнім алуға болады екен. Демек, әр гектарға кететін шығын көлемі азаяды. Бұл саланы дамыту үшін жеңіл өнеркәсіпті де өркендету керек. Қазір Қазақстанда мақта мата ғана шығарылады. Қазақстандық жейде, жүн деген атымен жоқ. Ал мақта матаның өзі боялмаған, өнделмеген, яғни қосымша құн қосылмаған күйінде сатылады.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бізде мақта қайта өңдеуі аса орын алған жоқ. 2000 жылдан бері қанша зауыт ашылса да Юштекстил болды, орыс-қазақ орталығы болды, меланж болды. Солар бірақ берілген уәделерге сай болмай шықты. Менің ойымша бір себебі, бұл салық саясаты. Қосылған құнға салық. НДС. Демек мақтаны өндіретін майда шаруашылықтар 10 гектарға дейін олар салықты төлемейді, сондықтан салық толығымен қайта өңдеу зауыттарының мойнына түседі. Бұл бір себебі, екіншіден электр қуаты бар, жалақы бар, көрші Өзбекстанға қарағанда біздің шығын әлдеқайда жоғары. 

 Саланы дамыту үшін мемлекеттің демеуі керек, - дейді отандық өндірушілер. Ол үшін, тым болмаса, Жеңіл өнеркәсіп комитетін құрып, нақты тұжырымдама керек. Ал әзірге қазақстандық тұтынушы базарда қаптап тұрған Қытай, қала берді Өзбекстан, Қырғызстан тауарын алуға мәжбүр.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу