Елге Ресейден үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге Ресейден үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етеді?

25.09.2022

Ішінара жұмылдыру басталғалы Ресей азаматтарының біразы өзге елдерге көше бастады. Қазақстанға келіп жатқандары да өте көп. Қазақстанның Ресеймен арадағы 7,5 мың шақырым шекарасында 30 автомобиль өткізу пункті бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, кіріп-шыққан көлік саны әдеттегіден 20 процентке көбейген. Әсіресе, Ресеймен шекаралас Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының бекеттерінде абыр-сабыр.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі осы 4 облыс пункттерін арнайы бақылауға алғанын хабарлады. Ресейден осы күндері нақты қанша азамат Қазақстанға кіргенін ешкім айта алмай отыр. Белгілісі заңға сәйкес олар біздің елде визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, миграциялық қызметке тіркелуі тиіс. Сөйтіп, тағы 60 күнге создыруға құқылы.

Ресей армиясының дезертирлерін қабылдауға дайын екенін ашық мәлімдеген елдер де бар. Мысалы, Германия ІІМ Нэнси Фезер былай деген: «Әдеттегі ережеге сай, репрессия қаупі төнген қашқындар Германияда халықаралық қорғау ала алады. Путин режиміне ерлікпен қарсы шығып, осылайша өміріне қауіп төнген азаматтар саяси қудаланғаны үшін Германиядан пана сұрай алады».

Ал Қазақстан азаматтарының біршама бөлігі бұл жағдайдан қауіптеніп жатқанын мәлімдеді. Әлеуметтік желіде шекараны жабуға үндеулер де жарияланды. Ал, елге үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етеді? Бір ғана баспана нарығына әсері қандай? Жалпы, келген азаматтардың тұрақтап қалуы қаншалықты мүмкін? Оңғар Алпысбайұлы осы сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.

Батыс Қазақстан облысының шекара аумағында 6 автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді. 20-23 қыркүйек аралығында сол пункттерден Ресейден бері қарай өткендердің саны 9 мың адамға жуықтаған. Әдеттегіден 3 есе көп. Басым көпшілігі ер азаматтар. Аты-жөні мен түрлерін жасырған жігіттер еш жоспарсыз шекарадан шыққандарын айтты.

Ресей азаматы:

Мен отбасылы адаммын. Ата-анам, балаларым, жұбайым шекараның арғы жағында қалды. Кеше жұмыстан шыққан соң заттарымды жинап, басым ауған жаққа кетіп қалдым. Мен әскери міндетті адам емеспін. Бірақ сонда да кетуге бел будым. Себебі алда тағы не боларын ешкім де білмейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда да тұрақтап қала алмаймын. Заңға бағыну керек. Ары қарай қайда баратынымды әзірге білмеймін.

Ресей азаматы:

Тура шекарада шақырту билетін ұсынды. Мен бас тарттым. Енді Ресейге қайта келсем, қамап тастаулары мүмкін екенін ескертті. Қазақстанда сәл тұрақтап, ары қарай не істеуге болатынын бағамдаймын. Жұмысқа орналасып, күн көруге мүмкіндігі бар жер іздеймін.

Қазақстан тарапы шекараны толық жауып тастай алмайды. Бұл мүмкін де емес. Онсыз да кептелістің кесірінен тауар таситын жүк көліктері тәуліктеп өте алмай тұр. Экономикалық тұрғыда басты серіктес елмен байланыс үзілсе, барлық салаға кері әсер етері анық.

Бауыржан Серікбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Біз ол жаққа тауар сатамыз, олар бізге тауар сатады. Біздің бизнесмендер ол жаққа барып жұмыс істеп жатыр. Олардың бизнесмендері бізге келіп жұмыс істеп жатыр. Ортақ кәсіпорындар бар. Сондықтан осындай процестерде ондай жағдай бола қойған жоқ деп ойлаймын. Экономика айналымы жүру керек.

Елдос Жұмағұлов, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Шекараны жаба салу оңай шаруа емес. Жаңағы айтқан 7,5 мың шекарада жабу жұмыстары бұл экономикаға да әсер етеді.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары Қазақстанға еркін кіруге құқылы. Алайда, олар тек 90 күн тұрақтай алады. Одан ұзақ мерзім болу үшін уақытша тұру рұқсатын алуы шарт.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Кез келген шетел азаматы Қазақстанда қалғысы келіп, уақытша тұруға рұқсат сұрайтын болса, ол белгілі тәртіпке бағынып, құжаттар тапсыруға міндеттеледі. Оның ішінде өз елінің рұқсат бергенін растайтын құжат та бар. Яғни өз елінен заңсыз, қашып келген азаматтар бізде уақытша тұруға рұқсат ала алмайды. Бұл біздің заңда нақты көрсетілген.

Қоғамда алаңдаушылық туындаған соң, жағдайға байланысты Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Министрлік халықаралық міндеттемелерді орындау шарт деп, шетел азаматтарының белгіленген уақыттан ұзақ бола алмайтынын ескерткен. Ұлттық мүдде бәрінен жоғары дейді ведомство.

Ал, көші-қон қызметі тәртіп бұзылмауын, заңның сақталуын өзіміз қамтамасыз етеміз деді.

Аслан Аталықов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а:

Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Шетелдіктің елде болу мерзімі аяқталса оған қатысты заңда көрсетілген шаралар қолданылады. Егер оны бұзған жағдайда Қазақстан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түрінде қосымша санкцияны қарастырады.

Жыл басынан бері Қазақстанға 1 миллион 660 мың ресейлік келіп, 1 миллион 640 мыңы кері қайтыпты. Соңғы күндері келгендер саны күрт көбейді. Енді бұл процесс Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Осыған тоқталайық. Бірінші. Олардың әрқайсысы алдымен тұрақтайтын баспана іздейді.

Қайырбек Арыстанбеков, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі, экономист:

Ресейден келіп жатқан азаматтар талапты көбейтеді. Сол кезде пәтерді арендаға беру нарығына ден қойып, былайша айтқанда бағасын өзгертеді. Сондықтан бұл жерде қымбаттау болады.

Ресей азаматтары Солтүстік Қазақстанға пойызбен де, автобустармен де келіп жатыр. Жолаушылар шекараны кедергісіз өттік дейді.

Иван Васюков, Ресей азаматы:

Пәтер бағасы өсіп жатыр. Қазақстанға ерте жеткен достарымыз да мұны растап отыр. Амал жоқ. Біздің тараптан сұраныс өскен соң баға бірге көтеріледі. Нарықтың заңы осы. Грузия, Армения елдерінде 5-6 есе өсіп кетті деген ақпарат бар бізде.

Әлеуметтік желіде де Ресеймен шекаралас аймақтарда және Алматы сияқты ірі қалаларда жалдамалы пәтердің құны 1 күнде бірнеше есе өсті деген ақпарат көп тарады. Алайда, жарнама жарияланатын ірі платформа жетекшісі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Севиль Дарган, «Krisha.kz» компаниясының жетекшісі:

Біз күн сайын бағаларды зерттеп, бақылап отырамыз. Соңғы бірнеше күнде күрт қымбаттау мүлде болған жоқ. Баға соңғы рет тамыз айының екінші жартысы мен қыркүйектің басында өсті. Ол жыл сайын қайталанатын маусымдық құбылыс. Жалдау құны өсті деген ақпаратты ести сала жарнамадағы бағаны түзетіп, қымбаттатқан деректерді іздеп көрдік. Ондай мүлде болмады. Кез келген жарнаманың астында тура сондай пәтердің орташа құны жазылады. Расымен кей пәтерлердің бағасы орташадан бірнеше есе жоғары. Алайда ондай ұсыныстар жиі болады біздің платформада.

Маманның айтуынша, алдағы уақытта жалдау бағасының қымбаттауына ресейліктердің келуі емес, осындай фейк ақпараттың таралуы себеп болуы әбден мүмкін. Екінші фактор - жұмыспен қамту саласында да бәсекелестік күшейеді. Келгеннің бәрі бірдей тұрақты қызметке орналаса алмайтындықтан уақытша жұмыс іздейтіндер көбеюі мүмкін.

Қайырбек Арыстанбеков, ҚР президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі, экономист:

Бұл кісілер бірден келіп жұмыс таба алмайды. Басында жинағандары жетер. Бірақ, артынан күн көріс керек болады. Сондықтан мен ойлаймын бұл жерде Қазақстан аумағында қылмыстың деңгейі ішінара өсуі ықтимал. Сондықтан бұл жерде профилактика жұмыстарын күшейту керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Биыл 8 айда 60 мыңға жуық Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тіркеуге тұрған. 2200 адам осы тіркеуді алмағаны үшін жауапқа тартылыпты. 96 мыңнан астам ресейлікке жеке сәйкестендіру нөмірі берілген. Оның 10500-ге жуығы тек қыркүйек айында алған. Енді олар банктік операциялар жасауға, карта ашуға тағы басқа қызметтерге қол жеткізе алады.

Ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуы банк саласына да әсер етіп жатыр. Батыс елдері Ресейге санкция сала бастаған уақыттан Қазақстанның қаржы ұйымдарында рубльдің массасы көбейген. Осы жолы да шекарадан бері өткендердің басым бөлігі валютасын теңгеге осы жақта ауыстырады. «Бұл біздің банктерге тиімсіз болғалы тұр», - дейді экономистер. Танымал банкир Ғалым Хусаинов сол себепті шетел валютасын 10 мың доллар көлемінде ғана әкетуге болатын шектеуді қайта қараса дейді. Ол қазіргі жағдайда Қазақстаннан рубльді әкетуге ең құрыса банктерге рұқсат ету керек деп отыр.

Хабарламаларға жазылу