Жастар неге жаппай шетел асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар неге жаппай шетел асып жатыр?

26.01.2019

Бүгін көрсетер кестелердің есті адамның есін екеу, түсін төртеу қылатын қуаты бар. Өйткені өзге елге кеткендерді, ата қонысына жеткендерді, бірнеше баланы дүниеге әкеліп, әлеуметтік азап шеккендерді көрсетеміз.

2018 жылдың 11 маусымында жарияланған ресми дерекке сүйенген мақала бұл. Бедел жинау үшін бесіктен белі шықпаған балаға белден төмен әңгіме айтатын сарыжағал сайттарға басылған жоқ. «Келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар» дейтін дені дұрыс, оқырманы орасан емес желіге жарияланды. Сондықтан көптің көзінен тасада қалды. Сараптамасын сары майдан қыл суырғандай жіліктеп жеткізсек, жұрттың жүрек тұсы сыздап сала беретіні анық. Өткен жаздан бері неге қолда бар деректі жариялап, жауапсыздарды желкелеп жұрт алдына әкеліп сөз сойылмен сыбап салмадыңдар деген сауал туары заңдылық. Елден іргесін аулақ салып, билет алып, әуежайға барып, өзге елде мәңгілік қалып жатқандар туралы толғасақ, бозбала мен бойжеткеннің санасына кері әсер етпейміз бе деп жүрексіндік. «Жеңілгені емес қой, шегінгені қошқардың» демекші, жарты жыл ой електен өткізіп, бүгін анығын айтуға оқталдық. Көріңіз. БҰҰ есебіне сүйенсек, 2017 жылы әлемде 258 миллион мигрант тіркелген. Жаһан жұртының 3,4 пайызы өзінің тарихи отанын тастап кеткен. Оқуға, уақытша жұмыс істеуге емес, атажұртын артта қалдырып, өзге елге көшіп кеткендердің ішінде отандастарымыздың алатын орны орасан екен. 2017 жылы 37704 адам Қазақстаннан кетіп, басқа мемлекетке қоныстанған. Ал, 2016 жылы 34900 отандасымыз шетелге көшіп кеткен. Шекара асып, шетелге басып кеткендер туралы ақпараттар шығысымен желіде біраз адам желікті. «Ол жақта жоғары жалақы, жайлы өмір бар екен» деп жазды. «Біз де кетеміз, бұл елде не етеміз?» дегендер болды. «Еуропа мен Америкаға барсаң, басыңнан бақайшағыңа дейін доллар құяды екен» деп біраз адам үйдегі сөмкесін сүйрелеп, сілікпесі шықты. Несін жасырайық? Алайда, БҰҰ-ның мына бір ақпаратына назар салыңыздар. Мұқият қараңыздар. Сол 2017 жылы шетелге көшіп кеткен 37704 адамның тек 1447-і қазақ екен. Ал, сол жылы Қазақстанға 9432 қазақ көшіп келген. Көрдіңіз бе, бәрі кетті деп байбалам салмас бұрын осы ресми деректі ескерген жөн. Өйткені ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын алып атырапқа көшіп келуге ынтық, атажұртына асыққан қандас өте көп. Шүкір.

Қазақстандықтар шетелге көшіп жатыр деп басылымдар байбалам салғанда, салаға жауапты жандар уақытында басу айта алмады. Екіншіден, бақытын басқа елден іздегендердің бәрі бақыттан бас айналар өмір кешетініне кепіл жоқ. Барлық бала Мысырға құл болып барып, хан болып қайтқан Бейбарыс болып тумайтынын да ескеру керек. Шетелге тұрақты тұруға кеткен отандастардың түгелге жуығы өзге ұлт өкілдері. Олар тарихи отанына оралды. Бұл - заңдылық. Мәселен, Қазақстанға, атажұртына ат шалдырған қазақтардың саны да жыл санап артып келеді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу