Ұлыбритания халқының 20 пайызы коммуналдық төлемдерге қарыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания халқының 20 пайызы коммуналдық төлемдерге қарыз

24.09.2022

Ұлыбритания халқының 20 пайызы коммуналдық төлемдерге қарыз. Қымбатшылықтың кесірінен тіпиі миллиондаған адам ас суға жарымай, өлместің күнін кешуде. Халықты тығырықтан алып шығу үшін билік қандай шара қолданбақ?

Марина Бекенова, тілші:
Соңғы үш айда он бір миллионға жуық адам газ бен жарыққа қарыз болып қалса, бес миллионнан астамы ішерге ас таппай қиналған. Бұған басты себеп - бағаның шарықтауы. Сауалнамаға қатысқандардың кейбірі күніне бір рет қана ауқаттанғанын, ал енді біреулері күні бойы нәр татпағандарын айтқан.

Көптеген отбасылар жарықсыз қалмау үшін күнделікті ас-судан ақша үнемдеуге тырысуда. Сондай-ақ, кедейшіліктің қамытын киген 8 миллионға жуық тұтынып жүрген заттары мен дүние-мүлкін сатуға мәжбүр болған.

Алекс Мурати, Лондон тұрғыны:
Бұл энергетикалық дағдарыс бәріміздің түбімізге жетеді. Айына 600 стерлинг фунтын жарыққа және 1800 фунтты газ үшін төлейміз. Егер осылай жалғаса беретін болса, өмір сүруіміз қиындай түспек.

Үкіметтегілер электр энергиясының орташа жылдық құнын екі жылға дейін тұрақты ұстап, қымбаттатпауға кепілдік беріп отыр. Бұл қымбатшылықтың кесірінен күндерін әрең көріп отырған халықтың әл-ауқатын арттыруға,ал экономиканы дағдарыстан аман алып қалуға сеп мүмкіндік беруі тиіс.

Лиз Трасс, Ұлыбритания премьер-министрі:
Бұл - инфляцияны тежейді және экономикалық өсуді үдетеді. Бұл кепілдік 1 қазаннан бастап, күшіне енеді. Екі жылға дейін отбасылар жарық пен газ үшін 2 500 стерлинг фунтынан артық төлемейді.

Бірақ үкіметтегілердің мәлімдемесіне қарапайым халық күмәнмен қарайды. Оның үстіне миллиондаған адам инфляция зардабын тартып үлгерді. 15 миллион адам тұрмысқа ең қажет деген заттарды сатып алу үшін несие алуға мәжбүр болған. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда 2 миллион адамға көп.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу