Қостанай облысында биыл егін бітік шықты. Облыс бойынша астық шығымдылығы гектарына 12 центнерге жуық. Жекелеген алқаптарда бұл көрсеткіш гектарына 18-20 центнерге дейін жетеді. Шаруалардың алдына енді осы мол өнімді ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Астық алқабынан Дәуренбек Әбдібектің репортажы.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл Майкөл ауылындағы шаруашылықтың егіс алқабы. Соңғы қалған 300 гектардан астам жердің астығын өнімділігі жоғары төрт комбаин тоқтаусыз орып жатыр. Диқандар жұмысты бір тәулік ішінде толық аяқтаймыз деп отыр.
Қостанай ауданына қарасты Майкөл ауылындағы шаруашылық биыл 3,5 мың гектар жерге дән сіңіріпті. Егіннің шығымы жаман емес. Гектарына 12-13 центнерден келіп тұр. Бұл ала жаздайғы диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Тимофей Снигирев, шаруа:
Жаңбыр жазда дұрыстап бір-ақ рет жауды. Ылғал өте тапшы болды. Өнімнің молдығы – агротехнология талаптарын сақтаудың арқасы. Сапалы тұқым, оны уақытында себу, топырақты химиялық өңдеу, тыңайту, зиянкестермен күрес, осының бәрі өз нәтижесін берді.
Егін орағы басталғалы жауын шашын болмай, ауру райы да науқанның қарқынды жүруіне мүмкіндік беріп тұр. Осы уақытқа дейін диқандар қамбаға 4 млн тоннадан астам астықты құйып үлгерді. Жиналған өнім былтырғы көрсеткіштен бір миллион тоннаға артық.
Кенже Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Егін науқаны облыс бойынша осы аптада аяқталады деп сенеміз. Ол дәнді дақылдар ғана. Ал майлы дақылдар жинау жалғаса береді. Себебі ол кеш піседі.
Биыл облыс бойынша 4 млн гектардан астам алқапқа дән сіңірілген. Бүгінде соның басым бөлігінде астық орылып болды. Жиналған бидайдың 95 пайызы үшінші класқа жатады. Бұл биылғы өнімнің шығымы ғана емес, сапасы да өте жоғары екенін көрсетеді.
Дәуренбек Әбдібек