Ресейде рубль құнсызданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде рубль құнсызданды

22.09.2022

Ресейде рубль құнсызданды. Путиннің ішінара мобилизациялау туралы мәлімдемесінен соң ұлттық валюта 5 пайызға арзандады. Бағалы қағаздардың да құны түсіп кетті. Елден кетуге бел буғандардың саны күрт көбейді. Бұл білікті кадр тапшылығын тудырып, экономикаға ауыр соққы болмақ, дейді сарапшылар.

Бәрі қымбаттады, азық-түлік бағасы өсті, айтқым келмейді.

Биыл баланы мектепке киіндіре алмадым. Тек дәптер алдым.

Ресейдегі сауда орындарының дені бос қалған. 5000-нан астам бренд нарықтан кетіп, кезінде сөредегі самсап тұрған тауарлар қазір көзден бұл-бұл ұшқан. Инфляция 16 пайызға жетуі мүмкін екенін ұлттық банктің өзі растады. Санкциялардың салдары жаппай қымбатшылыққа әкеп соқтырды. Азық-түлік пен техника құны аспандап кеткен. Отандық сарапшылар бұл дағдарыстың зардабы ауыр болатынын айтады. Олардың пайымдауынша, алдағы қыста экономика одан әрі құлдырай түспек.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

Санкциямен күресудің тиімді жолы – өз өндірісімізді көбейту, яғни импорттық тауарларға тәуелділіктен арылу. Алайда ол үшін қаржы мен уақыт керек. Бәрі бүгін, ертең шешіле қоймайды. Кем дегенде 3-4 жыл кетеді.

Ішінара мобилизациялау туралы мәлімдемеден соң, Ресейден Стамбұл, Алматы, Бішкек, Баку сияқты қалаларға әуе билеттері бірден сатылып кетті. Елден кеткісі келетіндердің саны күрт өсті. Мәселен, Мәскеуден Алматыға үшінші мемлекет арқылы жету үшін ұшақ билеті 8 миллион теңгеге дейін барған. Акциялар да жаппай құнсызданып, шығын 1 трлн рубльға жетті. Сарапшылар былтыр 16 млнға жуық адам кедейшілік қамытында өмір сүрсе, енді күнін әрең көріп жүргендердің саны 30 млнға жетеді деп болжайды.

Игорь Степанов, IT саласының маманы:

Сакнцияның зардабын әлі тартатынымыз анық. Алдағы уақытта бұдан да қиын болары сөзсіз. Банк төлемдерін жасай алмай отырмыз тіпті ақшаға сатып алатын киім жоқ.

Индира Бегайдар, тілші:

Ресейдің жалпы ішкі өнімі 7 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Ал санкциялардың келесі пакетінде Ресейден толықтай экспортты шектеу туралы ереже болса, экономика құрдымға кетеді. Мұны отандық қаржыгерлердің өзі мойындап отыр. Экономикалық шектеулердің салдарымен күреске кем дегенде 10 жыл кетеді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу