Атырау мұнай өңдеу зауытында қоғамдық экологиялық кеңес құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау мұнай өңдеу зауытында қоғамдық экологиялық кеңес құрылды

16.09.2022

Атырау мұнай өңдеу зауытында қоғамдық экологиялық кеңес құрылды. Енді тәуелсіз сарапшылардан құралған арнайы топ, кәсіпорынның жұмысын жіті бақылап отырады. Басты мақсат халық пен зауыт арасына берік көпір орнатып, ашықтықты қалыптастыру. Әрі, қордаланған проблемалардың оңтайлы шешілуіне үлес қосу.

Өңірде тұңғыш рет құрылған қоғамдық экологиялық кеңестің құрамында 13 адам бар. Олар үшін, халық үніне құлақ асу - басты мақсат. Соңғы уақытта кәсіпорын жұрттың талқысына жиі түсіп жүр. Басты проблема – ауадағы жағымсыз иіс. Оны тұрғындар зауытта өңделетін күкіртпен байланыстырады. Бірақ, мұнайшылар бұл уәжбен келіспейді. Жапондық қондырғы- қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармайды дейді технологтар.

Нұрболат Қабдырашев, Күкірт шығару қондырғысының басшысы:

Отходящий газы деген бар. Бүкіл құрамындағы жанып болған газдың барлығы одан мини 10 ППМ дейді. Оның адамға көп зияны жоқ. Тікелей ауаға сероводородты лақтыру мүмкін емес. Егерде лақтыратын болсақ, біз де мұнда жүре алмайтын едік.

Зауыттың ішкі бөлігімен танысып шыққан кеңес мүшелері өндірістік құрылғылардың қалыпты нормада жұмыс істеп тұрғанын айтады. Сарапшылар бар гәп – қаланың сарқынды суы жиналатын «сасық сай» алаңында деп отыр. «Тазалық» жобасы аясында кәсіпорынға тиесілі 860 гектар жер толықтай құрғатылады. Рекультивация 2023 жылы аяқталады. Сасық сай алаңы ретке келтірілгеннен кейін мамандар зиянды заттардың азаю көрсеткішін бақылап, зерттеу жүргізеді.

Мәнсия Есенаманова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі экология кафедрасының меңгерушісі:

Шыдамдылық керек болып тұр халыққа. Аздап шыдайық. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін, менің ойымша ауа тазаланады. Алдағы уақытта бізге көрсетіп, сонда апарады деп отыр. Өзіміздің ұсыныстарымызды беріп, сол ұсыныстарды шешуге, жолдарды табуға, іздестіруге осыған арналады негізі жұмыстарымыз.

Экологиялық кеңес мүшелері зауыттағы барлық технологиялық процестерді зерделеуді және өндірістік тәуекелдерді объективті талдауды ұсынды. Бұл – алдағы жұмыс бағытын айқындап береді. Енді, сарапшылар тоқсан сайын жиналып, зауыттағы жобалардың орындалуын бақылайды. Әрі, халықтан түскен арыз-шағымдарды жеткізіп, шешілуін қадағалайды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу