Си Цзиньпин пандемиядан кейін алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Си Цзиньпин пандемиядан кейін алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады

14.09.2022

Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтауға қолдау көрсетеміз. Бүгін ел астанасына мемлекеттік сапармен елге келген ҚХР-ның төрағасы осылай деп мәлімдеме жасады. Айта кетейік, Си Цзиньпин пандемиядан кейін шетелге алғашқы сапарын Қазақстаннан бастап отыр. Мұның өзара сенім мен ынтымақ мәселесінде мәні зор.

Алдымен Қытай басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында қарсы алды. Мемлекеттік сапар алдында жариялаған мақаласында Си Цзиньпин ортақ қауіпсіздігімізді қорғау аса маңызды. Екі ел шынайы дос әрі сенімді серіктес екенін жазған. Мәртебелі қонақтың құрметіне әуежайда құрмет қарауылы сап түзеді. Рәсім аяқталған соң екі ел басшысы бір-біріне жылы лебізін білдірді. Қытай тілін де жетік меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен еркін диалог құрды.

Әрі қарай кортеж Ақорда сарайына бағыт алды. Бұл уақытта мұнда Си Цзиньпиннің келуіне орай қызу дайындық жүріп жатты. Президент оркестрі осында. Құрмет қарауылы сап түзеп тұр. Резиденцияға келген қытайлық әріптесеріміз де мемлекеттік сапардан хабар таратуға дайын.

Ақерке Бектас, тілші:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасын Ақорда резиденциясында қарсы алып жатыр. Айта кетейік, Си Цзинь Пин ұзақ үзілістен кейін шетелге сапарын алғаш Қазақстаннан бастап отыр. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Тараптар осы арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуды көздейді.

Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұраны орындалды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзинь Пин екіжақты келіссөз жүргізуге көшті. Президент Қытай Төрағасының пандемиядан кейін алғаш біздің елге келуін жоғары деңгейдегі сенімнің көрінісі деп бағалады. Айтуына қарай, бүгінгі бірлескен мәлімдеме жаңа «алтын 30 жылдықтың» басталғанын білдіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын.

Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де Қытай Қазақстанның ұстанымын қолдайды. Осылай деген Си Цзиньпин бүгінгі сапарының екіжақты байланысты одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін айтты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз.

Тараптар кездесуде көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы саласы мен трансшекаралық өзендер жайын талқылады. Келіссөзден кейін дипломатиялық қатынасқа 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Кірістер комитетінің дерегінше, Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымы 13 млрд доллардан асады. Біз көрші елге биыл 8 млрд доллардың тауарын саттық. Қытайдан 5 млрд доллардан аса қаржыға тауар импорттадық. Сауда-саттықта мұнай өнімдері де бар. Екі ел Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы шикізат тасымалдайды. Енді оның мүмкіндігін арттыру үшін Атыраудан Кеңқияққа баратын құбыр 1,5-2 жыл ішінде кеңеймек.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Әрине ол бірінші бағыт энергетика саласындағы қарым-қатынас. Соңғы кездерде бұл өте пайдалы. Себебі Қытай елі мұнай саласында ең ірі тұтынушы ел. Атасу станциясынан Алашаңқайға дейін баратын 20 млн қуатты құбыр салынған. Сол құбыр арқылы біздер қазір 11,5 млнды экспорттап жатырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Си Цзиньпинді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Айта кетейік, бұл – еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Си Цзиньпин мырза, сіз Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор еңбек сіңірдіңіз. Осы саладағы тарихи рөліңізді ескере отырып, сізді «Алтын Қыран» орденімен марпаттау туралы шешім қабылдадым.

Ресми келіссөздер аяқталған соң олар екі елдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихи, мәдени байланысына арналған "Қазақстан – Қытай: мыңжылдық диалог" атты көрмені тамашалады. Оған 40-қа жуық археологиялық жәдігер қойылған.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу