Рим Папасының Елордаға сапары дүниежүзі назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рим Папасының Елордаға сапары дүниежүзі назарында

14.09.2022

Рим Папасының Елордаға сапары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – дүниежүзі назарында. Бүгін бұл туралы шетелдің маңдай алды ақпарат құралдары хабар таратты.

Рим Папасының Қазақстанға сапары бүкіл әлем назарында. «Франс-пресс» агенттігінің мәліметінше, католиктер дінбасы 2013 жылы понтифик атанғалы осымен 38-ші рет шетелге сапарға шыққан. Нұр-Сұлтанда ол постсоветтік кеңістікте диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуді мақсат еткен. «Рейтер» болса, Рим Папасының «соғысты құдай қолдамайды» деген сөзін басқыншыларға айтылған сын деп хабарлады. Сонымен қатар, британдық халықаралық агенттік тілшісінің айтуынша, Елордада жетінші рет өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгрессіне Кириллдің қатыспағанын жазған. Ал, Франциск онымен кездескісі келетінін бірнеше рет айтқан.

Американың әйгілі «Вашингтон пост» газеті Папаның Украинадағы жағдайды «мағынасыз әрі трагедиялық соғыс» деп атағанын хабарлады. Қазақстан астанасында өтіп жатқан конгресс Германия ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған жоқ. «Неміс толқыны» Рим Папасы сапарының Қытай президенті Си Цзиньпиннің қазақ еліне баруымен тұспа-тұс келгеніне мән берген. Материал авторының сөзінше, Си мен Франциск кездесуді жоспарламаған, бірақ олар жүздесе қалса, бұл тарихи оқиға болар еді деп жазған. Айта кетсек, Бейжің мен Ватикан арасындағы дипломатиялық байланыс өткен ғасырдың 50-ші жылдары үзілген.

Ал, Саудияның «Әл-Арабия» телекомпаниясының ақпаратына жүгінсек, понтифик Қазақстанға сапарында әр адамды бейбітшіліктің құрылысшысы болуға шақырып, Украинадағы қарулы жанжалды «әлемдік соғыс» деп атаған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу