Қарағанды облысының 92 ауылында жаңа емдеу орындары салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының 92 ауылында жаңа емдеу орындары салынады

12.09.2022

Президент өз жолдауында 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ екеніне тоқталды. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық орындар салынып, қажет жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Расында дәрігерлік амбулаторияға зару ауылдар аз емес. Солардың бірі Қарағанды облысындағы Қаракөл ауылы.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қаракөл ауылы аудан орталығынан 60 шақырым қашықта. Соңғы 2 жылда мұнда медициналық амбулатория жұмыс істемейді. Тұрғындарға көршілес Егіндібұлақ және Балқантау ауылдарынан мамандар келіп қызмет көрсетеді. Алайда қыстың көзі қырауда жол жоқ кезде, сондай-ақ, шұғыл көмек керек жағдайда тұрғындарға өте қиын.

Көп балалы ана Наталья Осипова қан қысымы жиі мазалап, бүйрегі ауыратындықтан жедел жәрдемді жиі шақыртады. Алайда дәрігерлер көрші ауылдардан келетіндіктен оларды ұзақ күтуге мәжбүрі.

Наталья Осипова, ауыл тұрғыны:

Мен көбіне бүйректен ауырамын, салқын тиеді. Қан қысымым бар. Ауылымызда дәрігер жоқ сол қиын. Шақыртамыз осында. Көбіне өзіміз барамыз. Күндізгі екпелерім бар. Кейде дәрігерге қаралған күндері қалып қоюға тура келеді сол жақта. Енді қайта, қайта баруға көлік те жоқ бізде.

Ауылда ескі дәрігерлік амбулатория бар. Бірақ тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелгендер саны заңда бекітілгендей 50 адамнан аспаған соң 2 жыл бұрын медициналық нысан жабылған. Алайда ауылда шын мәнінде 170 тұрғын бар. Оларды тіркеуге алу, дәрігер жас мамандарға жағдай жасау арқылы амбулаторияны қайта ашуға болады.

Үміт Оспанова, ауыл тұрғыны:

Медпункт дайын, іші бәрі жақсы. Осыдан 3 жыл бұрын ауылға ешкім келмегендіктен, дәрігердің болмағандығынан жабылып қалды. Бізде ауылда ылғи зейнеткерлер тұрамыз, жас балалар бар, біраз үй бар. Енді бізге сол дайын тұрған медпунктімізді ашып, бір дәрігер берсе, халықтың сұрауы сол.

Жалпы аудан бойынша 20 ауылда жаңадан медициналық нысан ашу жоспарланған, - дейді мамандар. Бұл жұмыстар 2025 жылы аяқталуы тиіс.

Алма Қанафина, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Бас маманы:

Қарқаралы ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салынайын деп отыр. Оның барлығы жаңа жабдықпен қамтамасыз етіледі. Салынатын объектілердің барлығы 2 жылда біту керек. 2023 жылы басталады да халықты толығымен қамтамассыз ету мәселесі шешіледі.

Қарағанды обылсы бойынша ауылдық жерлерде алдағы екі жылда 92 медициналық нысан салынады. Оларға жас дәрігер мамандарды тарту үшін баспана, жәрдемақы беру қарастырылған. Бұдан тыс ауылға келген маманның жалақысы 25 пайызға жоғары болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу