Павлодар облысындағы Аққулы ауданында қарбыз фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы Аққулы ауданында қарбыз фестивалі өтті

12.09.2022
Павлодар облысындағы Аққулы ауданында қарбыз фестивалі өтті

Қарбыз бұл өлкенің бренді саналады. Өнімді сонау Ресейдің Сібір және Алтай өңірлерінен арнайы келіп әкетеді. Биыл диқандар қарбыздың 20-дан аса түрін еккен. 2,5 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Шығымы жаман емес, маңдай теріміз ақталды, дейді шаруалар. Мерекеге келген көпшілік тәттілігі тіл үйірер қарбыздан дәм татып, түрлі ойындарға қатысты. Қарбыздың отаны Аққулы ауданында тұқым сұрыптап, оны аудандастыру ерекше дамыған. Мәселен, іші сары және қызғылт сары түсті қарбыз түрлері өсіріледі. Диқандар мол өнім алудың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, қарбыздан түрлі мүсіндер жасауға да шебер. Мерекелік көрмеге 150 түрлі бұйым қойылды.

Әсия Айғазинова, Аққулы ауданының тұрғыны:

Жүрекше бар, әрқашан жүрегімізде жылу болсын дегендей. Бесік, қуыршақ, кеме бар. Бұл бір сағатта, жарты сағатта жасалатын емес, әр нәрсенің өзінің бейіміне келтіріп жасау керек. Кейбіреуіне жарты күндей отыратын уақыттар болды.


Хабарламаларға жазылу