Конституциялық сот құру мәселесі Мәжілісте қаралуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық сот құру мәселесі Мәжілісте қаралуда

11.09.2022

Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған Конституциялық сот қазіргі Конституциялық кеңестің орнын басады. Атауындағы бір ғана сөз емес, тұтас институттың құзіреті өзгермек.

Бақтияр Бөлеулиев, Заң ғылымдарының докторы, адвокат:

Конституциялық соттың тиісті сот өндірісі болады. Кәдімгі тыңдаулар болады, қорғаушысы болады, адвокат. Демек адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын сақтау үшін заңда көрсетілген бүкіл тәсілдерді қолданады деген сөз.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:

Ол қарапайым азаматқа қалай көмектеседі? Қарапайым азамат бір шенеунікке барса, ол айтады: «Заңда былай жазылған, мен саған көмектесе алмаймын». Ана азамат біліп отыр, мына заңда бірдеңе дұрыс емес деп. Енді заң жобасында жазылған, әр азаматтың құқығы бар тікелей Конституциялық сотқа бергенге өзінің арызын.

Заң әзірлеушілер ендігіде алды-артын ойлай бастайды. Себебі желкесінен Конституциялық сот, дұрысы – Конституция соты қарап тұр ғой. Сол сот болмаған 27 жылда Конституцияға сәйкеспейтін заңдар қабылданып кетті дейді заңгер.

Бақтияр Бөлеулиев, Заң ғылымдарының докторы, адвокат:

Үкімде қолданылған қылмыстық кодекс пен қылмыстық-процессуалдық кодекстің нормалары Конституцияға сай ма, сай емес пе, соны тексереді. Нақты қылмыстық іске араласпайды. 

Ирак Елекеев, ҚР Жоғарғы соты және әділет құрылымдарының бұрынғы қызметкері, экс-депутат:

Мысал ретінде айтайын, Конституцияда жазылған «сен сайлана аласың және сайлауға қатысуға мүмкіндігің бар». Ал бұл партиялар тізімін енгізгеннен кейін бұл бап орындалмай қалды. Міне, осыны егер Конституциялық сот болған кезде айтар еді, «Әй, мына қабылдаған заңдарыңыз Конституцияға сәйкес емес, сондықтан оны бұзу керек» деп шешім шығарар еді.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:

Конституциялық соттың жұмысы бүкіл мемлекеттік органдарды тәртіпке шақырады ғой. Парламентті тәртіпке шақырады, «Әй, сендер дұрыс заң қабылдасаңдаршы!». Мемлекеттік органдарды - «Әй, сендер жақсы қаулы қабылдасаңдаршы!». Тіпті Президенттің өзін, Президенттің заңгерлерін тәртіпке шақырады.

Демек бұл орган – институционалдық тепе-теңдік орнауына сеп. Тек құрылымын жасақтағанда сақ болу керек.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Конституциялық сотқа сот корпусының ішінен репутациясы таза, сот саласында адамгершілік, гуманистік қасиеттерін көрсеткен адамдар келуі керек.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кез келген адам ол адам туралы пікірін айтуға хақысы болуы керек. «Жоқ, мына адамды жолатуға болмайды, кезінде менен пара талап етіп еді немесе мынадай компаниялардың лоббисі болып еді». Яғни болашақта ол Конституцияның нормасын іске асыруда қайшылық жіберуі мүмкін немесе өрескел қателікке апаруы мүмкін екенін айтып отыруымыз керек.

Заң бойынша Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары партия немесе коммерциялық ұйым қатарында болмауға тиіс. Бұл – бөтен мүддеге еріп кетпеу үшін қажет талап. Ал заңгер Бақтияр Бөлеулиев арыз-шағым объективті қаралуы үшін осы сотқа шетелдік мамандарды шақыруды ұсынады.

Бақтияр Бөлеулиев, Заң ғылымдарының докторы, адвокат:

Менің ұсынысым, Конституциялық соттың 1/3 бөлігі шет ел азаматтары бола алады деп есептеймін. Өйткені сырттан мүдделік әсері болмайды деп есептеймін.

Бірақ Заң жобасында Конституциялық сотқа жасы қырықтан асқан, жоғары білімі бар, заңгерлік салада 15 жылдық тәжірибесі бар Қазақстан азаматы ғана мүше бола алатыны жазылған.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

Конституциялық сот 11 судьядан құрылады. Оның төрағасын Президент тағайындайды, 4 мүшесін Президент және үшеу-үшеуден парламенттің әр палатасы тағайындайды.

Конституциялық сот – Ата заңның бәрінен үстем болуын қамтамасыз етеді деді министр. Бұл – елдің «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» үстем болады деген нормадан туған.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу