Қостанай облысында жағдай тұрақталып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жағдай тұрақталып келеді

06.09.2022

Қостанай облысында жағдай тұрақталып келеді. Алайда қауіп толық сейілді деуге болмайды. Кеше түнде алапат өрт, Бағаналы ауылының іргесіне жеткен. Тек тұрғындар мен өрт сөндірушілердің табандалығының арқасында елдімекен аман қалған.

Өрт түнгі сағат екілер кезінде күшейген. Биік қарағайлардың ортасындағы Бағаналы от құрсауында қалды. Тіпті ауыл ішіндегі ағаштар да жанған. Жергілікті тұрғын Мұхамедқазы Мейірманов осы ғұмырымда мұндай сұмдықты көрмедім дейді. Алпысты алқымдаған жігіт ағасы отбасын қауіпсіз жерге жіберіп, өзі жеке тракторымен өрт сөндірушілер сапында болған.

Мұхамедқазы Мейірманов, ауыл тұрғыны:
Неше түрлі өртті көрдім. Мұндай қорқыныш болған жоқ. Кешегіні енді айта алмаймын. Масқара. Астанадан келген өрт сөндірушілер ерледі. Бірігіп ауылды аман алып қалдық.

Өртті сөндіруге барлығы 2 мыңнан аса адам жұмылған. Олардың қатарында өрт сөндірушілерден басқа еріктілер, әскерилер мен жергілікті тұрғындар бар. Төтенше жағдай туындаған аумақта 7 ұшақ және тікұшақ, 200-ден астам техника жүр. Арнайы көліктердің бірқатары ауылды күзетіп тұр, қалғаны от ошақтарын өшіруде.

Берік Сейденов, ауыл тұрғыны:
Көмек болып жатыр. Тікұшақтар жүр. Еріктілер де келіп көмектесуде. Тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізілді.

Соңғы мәліметке сәйкес облыс аумағында төрт от ошағы сөндірілуде. Оның үшеуі тек түтіндеп, бықсып жатқандар. Бағаналы ауылының тұсындағысы ашық от болғанымен екпіні бәсең. Жалпы аймақта жағдай тұрақталып келеді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу