Қостанайға көмек: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қолдау көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайға көмек: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қолдау көрсетеді

05.09.2022

Қайырымдылық – ізгі іс. Қайырын өзің көресің. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұжымы да Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге қолдау көрсетпек. Бүгін қызметкерлер елордадағы үлкен сауда үйлерінің біріне барып, қажетті тауарларды сатып алды.

Қайырымдылық жасау- қанымызда бар қасиет. Ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа тәрізді. Осыны ұстанған корпорация қызметкерлері зардап шеккендерге ең қажетті азық-түлік өнімдерін, гигиеналық заттар мен кішкентай бүлдіршіндерге ойыншықтар жеткізбекші.

Ержан Жобаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ бас есепшісі:
Жалпы көлемі 2 жарым млн теңгелік азық-түлік жөнелту ниетіміз бар бұйырса. Осының барлығын Қостанай халқы ыстық ықыласпен қабылдап, қиындықтан аман-есен құтылуға тілектеспіз.

Қайырымы кең қазақ кімге болсын көмек қолын ұсынуға дайын. Бауырмалдық та осы. Қысылтаяң кездері халықтың бірлігі мен ынтымағы шыңдала түседі, - дейді ұжым мүшелері.

Азамат Кеңесұлы, «Abai TV» телеарнасының директоры:
Бұл сәтте ешкім бей-жәй қалмау керек деп есептеймін. Корпорацияның атынан көшті бастап бара жатырмыз. Көмек үлкен, кіші деп бөлінбейді. Көмектің бәрі қажет. Қиындық бөліскенде ғана азаяды. Жеңілдейді салмағы. Осындай ниетіміз бар.

Апат айтып келмейді. Мұндай қиындықтарда тұрмыстық түйткілдердің тумауы тағы да мүмкін емес. Ал оның бәрін жеңетін бірлік мен ауызбіршілік. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұжымы атынан жолданған көмек бүгін жолға шығады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу