Бір реттік Президенттік билік саяси жүйені ұзақ мерзімді тұрақтандыруға, билікті монополиялау тәуекелдерін жоюға және демократияның негізгі принциптерін нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Оның пікірінше Президент жолдауы - ел тарихындағы жаңа саяси кезең. Президенттің бүкіл сайлау кестесін жария ету туралы шешімі Қазақстанның саяси тәжірибесі үшін бұрын-соңды болмаған қадам. Алдымен Президент сайлауын, одан кейін Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауын өткізу елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті әрі стратегиялық міндеттерге дер кезінде назар аударып, шешуге мүмкіндік береді. Ал Президенттің өкілеттігін 7 жыл бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысы Парламентте мақұлданса, Қазақстанның саяси жүйесінің болашағын айқындайтын шешім болмақ. Сайлау заңнамасы жақында жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастайды. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп жатыр. Бұл қазірдің өзінде жаңа партиялардың, жаңа тұлғалардың пайда болуына, саяси бәсекелестіктің артуына ықпал етеді. Сондай-ақ, бұл тренд кері шегінбейді, саяси жаңғыру тереңдеген сайын өсе береді, -деді мемлекеттік хатшы.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:Жолдаудағы негізгі бастаманың бірі – Президент мандатын 7 жылдық бір реттік мерзіммен, қайта сайлану құқығынсыз шектеу болды. Бұл ұсыныс – бүге-шүгесіне дейін сарапталған шешім. Бір тұлғаның Президент болып 7 жылға бір рет қана сайлануын алыс-жақын ортада теңдесі жоқ саяси инновация деуге болады. Бұл суперпрезиденттік модельден кетудің түпкілікті жалғасы. Тұтастай алғанда, Жолдауда ұсынылған саяси бастамалардың бәрі мемлекеттік құрылысымыздың «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты негізгі формуласын кешенді түрде нақты мазмұнмен байытады.
Раушан Сайлауқызы