Теміртауда тұрғын үйдегі жарылысқа байланысты төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда тұрғын үйдегі жарылысқа байланысты төтенше жағдай жарияланды

17.08.2022

Шығын есептеліп, апаттың зардабын жоюға қазынадан қаржы бөлінбек. Қазір мамандар көпқабатты үйдің қираған подъезі жөндеуге келе ме, жоқ па, соны зерттеп жатыр. Егер оң нәтиже берсе, пәтерлер түгел қалпына келтіріледі. Ал жарамсыз болса, тұрғындарға басқа баспана беріледі. Қазір олар уақытша тұратын жерге орналастырылды.

Еске салсақ, кеше шаһардағы Металлургтер көшесіндегі үйлердің бірінде орталықтандырылған газ құбыры жарылған болатын. Үшінші және төртінші қабат арасындағы қабырға қирап, төрт пәтердің күл талқаны шықты. Тағы 16 баспана бүлінген. Абырой болғанда адамдар аман. 53 тұрғын эвакуацияланды, оның 7-еуі бала. Ал жарылыс болған пәтердің иесі ауруханаға жеткізілді. Ол басынан жарақат алған, жағдайы қалыпты, дейді дәрігерлер.

Тағы үш адам жеңіл жарақатпен медициналық көмекке жүгінген. Жарылыс кезінде өрт болған жоқ. Апаттың нақты себебі әлі анықталып жатыр. Жедел штаб құрылды.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

Бұл үйді енді әрі қарай 1,3,4-ші подъездерде тұруға болады ма, болмайды ма, келешекте мұны қайтадан құруға болады ма, әлде жою керек пе, сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – панельді үй, бірақ кезінде мықты салынған. Дегенмен үстіндегі 4-5-ші қабаттағы қабырғалардан құлауы мүмкін деген қауіп бар.

Руслан Нұрланұлы, Бекзат Сәбитұлы

Хабарламаларға жазылу