«Super bol!» жобасының қатысушылары «Жеңіс» футбол клубының ойыншыларымен кездеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Super bol!» жобасының қатысушылары «Жеңіс» футбол клубының ойыншыларымен кездеседі

15.08.2022

«Qazsport» телеарнасында бастау алған «Super bol!» реалити-шоуына іріктелген 25 қатысушы Алматы облысындағы Ұлттық құраманың базасында жаттығуға кірісті. 16 мен 25 жас аралығындағы жас футболшылар кешенде шеберліктерін шыңдап қана қоймай, шетелдік немесе отандық клубтармен келісімшартқа отыруға мүмкіндік алып отыр.

Қатысушылар ақтық сынға дайындалып жатыр

Сайдың тасындай іріктелген жастар жан-жақты медициналық тексерістен кейін жаттығуды бастап кетті. Талап қатаң. Апта сайын іріктеуден өте алмағандар тізімнен шығып, орнын басқа үміткер алмастырады. Қатысушылар өз мүмкіндігін барынша ашып көрсетуге тырысып бағуда.

Асылзат Ерден, «Super bol!» жобасына қатысушы:

Футболшылардың арманы ғой осы жерде қалып, осы жерде жаттығу. Шүкір, біздің арманымыз орындалды. Жігіттерге Еуропа, Азия немесе Қазақстанның клубтарымен ең бірінші келісімшартқа отыру деп білемін. Сондықтан бәріне сәттілік!

Қатысушылардың дайындығын ұйымдастырушылар қатаң бақылауда ұстап отыр. Әр футболшының шеберлігін мүлт жібермейді. Жоба демеушілері де Ұлттық құраманың базасына жиі келуді дәстүрге айналдырған.

Тимур Турлов, «Super bol!» жобасының Бас демеушісі:

Бұл жобаның қатысушыларға үлкен үміт сыйлағанына сенімдімін. Үлкен футболға даңғыл жол ашылды. Еліміз талантты жастарға өте бай. Біздің мақсатымыз соларды анықтап, ойын жүзеге асыруына, арманына жетуге жағдай жасау.

«Super Bol!» жобасының ақтық кездесуі Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл ойындағы қарсылас Қазақстанның Бірінші Лигасында өнер көрсететін кәсіби «Жеңіс» футбол клубы болмақ. Осы ойынның нәтижесі бойынша қатысушылардың қайсысы кәсіби келісімшартқа отыратыны анықталады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу