Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар сәбидің денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар сәбидің денесі табылды

10.08.2022

Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар сәбидің денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол су толы жыраға құлап шыға алмай тұншығып қалған.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Полицияның хабарлауынша іздеушілер су бетінде қалқып жүрген баланың денесін дронмен қарау кезінде көрген. Бұл Тобыл өзенінің аңғары, бала жоғалған Жамбыл ауылынан үш шақырымдай қашықта. Сәбидің нақты қашан жан тапсырғаны әзірге беймәлім. Мұның бәрі арнайы сараптамадан соң белгілі болмақ.

Ерлан Омарбеков, Облыстық ПД бастығы:

Бүкіл облыс, республика тұрғындары, полиция қызметкерлері атынан баланың туған туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Іздеуге қатысқан барлық азаматтар, әскери қызметшілер асқан ұйымшылдық танытты. Біз соңына дейін Мәдина аман есен табылады деп үміттендік. Өкінішке қарай бәрі қайғылы аяқталды.

Бұған дейін 5 жасар Мәдинаның аутизм дертіне шалдыққаны, сөйлемейтіні, бөтен адамдардан қорқып, өзін іздеушілерден тығылып жүруі мүмкін екендігі айтылған. Осындай факторлар жағдайды қиындатты. Баланы үш тәулік бойы ұшақ, тікұшақ, дрондармен көктен де, жерден де іздеді. Еріктілер, полиция, әскерилер, тіпті қауіпсіздік қызметі де жұмылған. Іздеу аумағы мың гектар алқапты қамтыды. Іздеушілер саны орташа есеппен 2 мың адамнан асты. Бірақ өкінішке қарай осынша жанкешті әрекеттің бәрі кішкентай Мәдинаның жанын сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу