Үкімет бизнеске артық әкімшілік жүктемені азайту және неғұрлым қолайлы жағдай жасау шараларын енгізіп жатыр. Бұл мәселе Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Яғни, кәсіп иелеріне артылатын түрлі жүктемелерді кемітіп, іс бастаушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасау үшін «Таза парақтан бастап» реттеу шараларын енгізіп жатыр. Бұл тұста реттеуші актілердің барлығы қайта қаралмақ. Кеңеске қатысушылар жер қатынастары, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау, құбыр-жол көлігі қызметі, қаттау және тау-кен өнеркәсібі салаларында талдау жүргізу барысын талқылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Бизнеске қойылатын негізсіз талаптарды қысқарту өте маңызды. Біз қазір жаңа жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бизнесті тексеруге мораторий күшін жойған кезде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі әділ әрі обьективті болуы үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті жұмысты жүргізулері керек. Ол үшін біз барлық артық талаптарды алып тастап, тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыруымыз керек. Сонда ғана тексерушілер тек заң бұзушыларға қатысты тексеру жүргізетін болады.
Сәбит Әлдебай