Норвегияда 74 қазақстандық сарбаздың есімі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Норвегияда 74 қазақстандық сарбаздың есімі анықталды

21.07.2022

Еліміздің Норвегиядағы елшілігі Скандинав елін азат ету жолында мерт болған 74 қазақстандық сарбаздың есімін анықтады. Олар бірнеше атқыштар дивизияларының және 69, 72-теңіз атқыштар бригадасының құрамында соғысып, Петсамо-Киркенес операциясы барысында ажал құшқан. Тізімде тұтқында қаза тапқан қазақ сарбаздарының да аты-жөні бар. Елшілік енді сол батырлардың туған-туыстарына, ұрпақтарына іздеу салады. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер Норвегиядағы лагерьлерге 100 мыңнан астам кеңес тұтқынын әкеліп, қара жұмысқа жеккен. Тұтқында, Норвегияны азат ету кезінде ажал құшқан 15 мың сарбаз елдің бірнеше аймағындағы бауырластар зиратына жерленген. Фалстад орталығының зерттеушілері сол 15 мың сарбаздың 7 мыңының есімін анықтап, сайтқа жариялады. Ендігі көздегендері қалған 8 мың жауынгердің кім екенін анықтау.

Арне Лангас, «Фалстад» орталығының ғылыми зерттеушісі:

Мен 12-13 жылдан бері осыны зерттеумен айналысып жүрмін. Есімдері анықталған азаматтарды ұзақ жыл іздеген туыстары біздің дерекқордан тауып жатса, өзімізді бақытты санар едік. Кеңес сарбаздары жайлы соңғы 15 жылда бірнеше кітап жазылды, көрме ұйымдастырдық. Біздің халық, жас ұрпақ жауынгерлердің ерліктерін ұмытпауы керек.

Норвегтердің әскери зираттар базасындағы деректерін саралаудың арқасында еліміздің Норвегиядағы елшілігінің қызметкерлері 74 қазақстандық сарбаздың есімін анықтады. Олар Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары.

Талғат Жұмағұлов, ҚР Норвегиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі:

Норвегтерге мәлім болғаны солдаттың жерленген жері, аты-жөні ғана. Ал көбінесе аты да белгісіз. Бар болса қатемен жазылған. Сол аттарын мысалы жергілікті шіркеулер тіркеп отырған сол уақытта. Соғыс аяқталған соң сол тұтқыннан шыққан солдаттар да марқұмдардың тізімдерін өз беттерінше жазып отырған. Сол тізімдерден Қазақстандықтарды анықтау біздің маңызды жұмысымыз.

Елшілік қызметкерлері әзірге есімі анықталған 74 сарбаздың екеуінің ғана ұрпағын тауып, сүйінші хабарды жеткізген. Қалғандарының туған-туыстарын іздестіріп жатыр. Елшіліктің, Сыртқы істер министрлігінің сайттарынан аталарының есімін тауып, Скандинав еліндегі зиратына келем деушілерге Елшілік қызметкерлері қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. Дипломаттар қыршыннан қиылған боздақтардың есімін, жатқан жерін анықтау жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу