Алматыдағы Есентай өзенінің жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Ұзындығы 4 шақырымнан асатын жүргіншілер жолы төселіп, қала тұрғындарына серуендеуге жаңа орын жасалды.
Есентай өзенінің бойында Жамақаев көшесіне дейінгі аралықта жаңа форматтағы қоғамдық кеңістік құру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Ұзындығы 4 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы жасалып, айдынның жағалауы бекітілді. Бұған, бірінші кезекте, қала тұрғындары риза.
Нәйля Әбдірахманова, қала тұрғыны:
Енді күнде осы жерде серуендейтін боламын. Тек бұзақылар келіп, мына маңнын сәнін кетірмесе деймін. Бұрын адам аяғы аттап баса алмайтын жерден осындай жоба жасалуы - тамаша бастама. Әсіресе, таңертен жүгіруге шығатын азаматтарға жақсы болды деп ойлаймын.
Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары аясында ұзындығы 1жарым шақырымға жуық ағаш қоршау және тіреуіш қабырғалары орнатылды. 3500-ден астам бұта егіліп, 800 шаршы метрге өсімдіктер отырғызылды. Алдағы міндет - көркі келтірілген жерлер әрі қарай да осы қалпында сақтау.
Мұрат Жексенбаев, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:
Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлік мекеме өздері тазалап, қарап, суарып, газонын бәрін қарап отыр. Одан кейін біз бұны қалалық балансқа қабылдап алып, бір қарайтын мекемеге тапсырып береміз. Ол мекеме әрі қарай тазалап отырады.
Табиғат аясында түнде серуендеуге де жағдай жасалды, жарық шамдары орнатылды. Бұдан өзге, балаларға 8 ойын алаңы мен спорт алаңы салынды. Қала әкімдігінің ендігі мақсаты - Есентай өзенінің бойымен Әл-Фараби даңғылынан бастап Медеу мұз айдынына дейін осындай серуен жолын жасақтау. Оның ұзындығы 12 шақырымға созылмақ.
Фариза Мұсақызы