«Қазфосфат» цехы жұмысын тоқтатуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазфосфат» цехы жұмысын тоқтатуы мүмкін

12.07.2022

Тараздағы минералды тыңайтқыштар өндіретін «Қазфосфат» цехы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Себебі, экологтар прокуратурамен бірлесіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізбек. Әзірге мамандар цехтан шыққан ақаудың салдарынан ауаға тараған күкірт сутегінің 2-3 есеге асып кеткенін анықтады. Кешелі бері қаланы тұмшалаған қою түтін бүгін кешкісін ғана сейіле бастады.

11 шілде күні қаланың бір бөлігін қою түтін басты. Қалың тұманнан айнала көрінбей тіпті көлік қатынасы қиындады. Көзі ашып, жөтел қысқан жұрт алапат өрттің кесірі деп ойлаған.

Құралай Керімқұлова, қала тұрғыны:

Бірдеме өртеніп жатқан шығар деп ойладық. Өйткені желдікіндей емес тамағымыз жыбырап, көзіміз ашыған соң белгілі ғой. Біз ойладық жақын жерде ғимарат өртенді ме деп.

Сапаржамал Оразбекова, қала тұрғыны:

Қаланың орталығында жүргенмін. Далаға шықсам айнала түтін болып жатыр. Ешнәрсе көрінбейді. Ол түтіннің әсері бізге тиді әрине. Тамағымыз жыбырлап, жөтеліп, түшкіріп ашты дәм болды.

«Қазфосфат» зауыты техникалық күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар және ауылшаруашылығына арналған фосфат өндіреді. Кешегі ақау да сол күкірт қышқылын шығаратын цехтан шыққан.

Нұрдос Болатұлы,тілші:

Қаланы тұмшалаған қою түтін дәл осы мұржадан шыққан. Бұл «Қазфосфат» зауытының күкірт қышқылын өндіретін цехы. Мамандардың айтуынша мұндағы екінші деңгейлі сорғының істен шығуынан қаланы ақ тұман басқан. Енді техникалық ақудың шығу салдарын анықтап жатырмыз дейді.

Ауаға зиянды элементтер тарамады деген зауыт өкілінің айтуынша, дәл осы цехтың қондырғылары сәуір айында ғана бастан аяқ жөнделіпті.

Арман Қарағалиев, «Қазфосфат» зауытының өкілі:

Темір болғаннан кейін ол енді істен шығады ғой. Қазір техникалық байқауды қарастырып, неден шықты, электр бөлігінен шықты ма, я болмаса механикалық бөлігінен шықты ма бәрін анықтап, тағы да мәлімет беруге дайынбыз.

Облыстық экология департаменті кешелі бері бірнеше сараптама жасаған. Нәтижесінде ауа құрамындағы күкірт сутегі шекті нормадан асып кеткені анықталды. Енді қалалық прокуратурамен бірігіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізбек.

Серік Нұрбаев, Облыстық экология департаментінің бас маманы:

Күкірт сутек анықталды. Ол күкірт сутек бағанағы жоба бекітілген. Экономикалық қоршаған ортаны қорғау жобасы бекітілген. Сол жобада күкірт сутегінің нормативі бекітілген. Сол нормадан асып отыр.

Кеше бірнеше сағатқа жұмысын тоқтатқан цех қазір штаттық режимде қайта қосылған. Енді медициналық сараптама қорытындысында түтіннің адам денсаулығына зияны анықталса, кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынады. Ал жоспардан тыс тексеріс басталса, өндіріс ошағы жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Нұрдос Болатұлы

Хабарламаларға жазылу