Қапшағай жағалауында 40 бала жоғалып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай жағалауында 40 бала жоғалып кеткен

10.07.2022

Тағы бір күйіп тұрған тақырып – жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік. Алакөл жағасындағы өрт 4 демалыс орнын жайпап, 17 ғимарат жанып кеткен еді. 7 адам жарақат алған. Мамандар түні бойы тік тұрып, таң ата толық сөндірген. Өрттің себебі белгісіз. Ал кәсіпкерлер шығынын есептеп, шырылдап отыр. Өйткені бизнесті ашу үшін несие алған. Әрі қазір жазғы демалыс нағыз қызған сәт.
Әрине, бизнесмендердің табысты ойлауы – заңдылық. Бірақ барлығы қауіпсіздікті ойлай бере ме? Нақты Алакөлдегі жағдайға қатысты айтып тұрған жоқпын. Ақ-қарасы анықталмаған соң, «кінәлі» деп үкім шығарудан аулақпын. Тұтас қазақша бизнесті меңзеп тұрмын. Көбіне-көп кәсіпкерлер маусымдық табысты басты мақсат етіп, қауіпсіздікті де, санитарлық талаптарды да ысырып қояды. Шетелге шығуға шамасы жоқ адамдар да көз жұмып, көне салады. Оқыс оқиға болғанда ғана оянып, кінәлілерді іздей бастаймыз.
Қапшағайда да қазір құжынаған халық... Демалуға асығып, аптыққан адамдар өзінің ғана емес, балаларының да өмірі үшін жауапты екенін ұмытып кеткендей. Өткен сенбі-жексенбінің өзінде Қапшағай жағалауында 40 бала жоғалып кеткен. 2 күннің өзінде ғана! Олардың барлығы дін-аман, табылды. Ал бұған дейін суға батып кеткендердің сұрауын кімнен сұраймыз?!

Кәмелет жасына толмаған екі бірдей баласынан жақында ғана айырылған Жәмилә қайғыдан бас көтере алмай жүр. Қапшағай су қоймасындағы қайғылы жайт жалғызбасты ананың еміс-еміс есінде. Себебі 12 мен 15 жастағы екі ұлын құтқарамын деп жанталасқан келіншектің өзі де суға батып кете жаздаған. Соңында жеткіншектерді айдыннан алып шығуға ұмтылған Жәмиләнің 30 жастағы туған інісі мен 32 жастағы сіңілісі де ажал құшты. Олардың өлі денесін толқын жағаға бір-ақ шығарған. Ал мектеп оқушыларын сүңгуілер су астынан төрт сағатта әрең тауыпты.

Жәмила Сабыржанова, балалардың анасы:

Балалардың суға батып бара жатқанын көріп ұмтыла жүгіргенім есімде. Бір уақытта өзім де суға тұншыға бастадым. Есімді жисам, жағалауда отыр екенмін. Бірден балаларымды іздедім. Бірақ барлығы тым кеш еді. Ол жер таяз болатын. Алайда екі-үш қадамнан кейін шұңқыр пайда болды. Соның кесірінен батттық.Оны бізге ешкім ескертпеді.
Күні кеше ғана жақындарын жер қойнына тапсырған әулет қазаға қалтасының қамын ғана күйттейтін демалыс аймағының қожайыны кінәлі деп отыр. Кәсіпкердің қатаң жазаға тартылуын сұрайды. Өйткені, отбасы жағажайға кіру үшін ақша төлеген.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Қайғылы оқиғадан соң жағажай жабылды. Ал жергілікті әкімдік артынша бұл маңнан бірнеше заңбұзушылық анықтаған. Атап айтсақ, бұл жерлер ауыл шаруашылығы мақсатында игерілуі тиіс еді. алайда, жер иесі оны демалыс орнына айналдырған.
4 адам суға кеткен жердің жанындағы «жабайы жағажайларда» бүгінде де демулаушылар көп.Солардың бірі - Оксана Шумай.
Оксана Шумай, демалушы:

4 жылдан бері осы жерге келіп демаламыз. Мына жердің таза болғаны ұнайды. Бірақ, толқыны қатты. Осы жағажайдың жолында арнайы бекет бар, соған келгенде үшін 3 мың теңге төлеп кіреміз. Құтқарушылар, ешкім жоқ. Жауапкершіліктің бәрі өзімізде.
Бұл ретте, психолог мамандар да жауапкершілікті адам алдымен өз мойнына алу қажет деп есептейді. Яғни, өзінің және балаларының қауіпсіздігін қашан да қаперден шығармаған жөн.
Жанат Қалиев, психолог:

Мен қайда жүрмін, мен не істеп жүрмін? Ол жерде қандай мүмкіндіктер, қандай қауіптер бар деген өзара жауаптар болады ғой. Сана-сезімі оянған, эмоциялық тұрғыдан өз-өзіне ие бола алатын адамдар үлкен ересек адам болып есептеледі. Кім ересек, үлкен адам сол жанындағы жастарға ие болуы керек.
Ал бұл кадрлерде полицейлер 14 пен 16 жас аралығындағы 5 бозбаланы алып барады. Олар ата-аналарының қарауысыз қалған. Тіпті, мас күйінде судан шығарылған.
Жалпы, Қапшағайдағы қалалық жағажайда күніне 4 - 10 жас аралығындағы 5-6 баладан жоғалып жатады,-дейді құтқарушылар.

Ерік Байдәулетов, қалалық орталықтандырылған жағажай құтқару қызметінің жетекшісі:

Әр апта сайын кем дегенде 3-4 адамды құтқарып аламыз. Ал «Баламды тауып беріңіздер» деп күніне бірнеше адам келеді. Біз фотосын бір-бірімізге ватсап арқылы таратып, суға түсіп те іздейміз, мыңдаған демалушылардың арасында жүгіріп те іздейміз. Баланы тауып ата-анасының қолына ұстатамыз.
Міне осындай оқыс жағдайда халық түгел құлақтанатындай орталықтандырылған радиорупор керек дейді,- мамандар. Алайда, оған қаражат бөлінбеген. Қазіргі қолданыста ұстап жүрген құралдар – мегафондар. Күші - 50 Ватт. Қауқары аз құрылғымен жағажайда демалушылардың барлығына хабарлама жасау мүмкін емес.

Әбілхайыр Орынбасар, «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС директоры:

Құтқарушылар таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін ақ қарайды жағажайды. Көп адамдар ішімдік ішеді, көрсетпей ішеді, тығып ішеді. Соның саласында бір-бірін тыңдамайды, ерегесіп қалады. Сондай моменттерде суға батып кететіндер болады.
Жалпы, Қапшағай маңында 140-тан астам демалыс орны бар. Оның жетеуі - қалалық жағажай. Тек соның біреуіне демалыс күндері он мыңдай адам барады. Еліміздің түкпір-түкпірінен турист қабылдайтын демалыс орындарының бірі - Алакөл. Мұнда жақында болған алапат өрттен 4 демалыс орнына қарасты 17 ғимарат жанып кеткен еді. Қызыл жалын қас қағым сәтте 3000 шаршы метр аумаққа жайылған. Абырой болғанда, қайтыс болғандар жоқ. Тек 7 кісі жеңіл жарақаттанып, алғашқы медициналық көмек алды.

Бектығазы Саянов, Үржар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

Дереу дабыл көтеріліп, күштер мен құралдар ауданнан жұмылды. Өртті сөндіруге 30 техника, 200-ге жауық адамдар жұмылып, өртті өшірді.
Мамандар түні бойы тікесінен тік тұрып, таңата қызыл жалынды толық сөндірді. Өртті ауыздықтауға сол маңдағы туристер де жұмыла кірісті. Қарапайым тұрғындар да қарап қалмады.

Тілсіз жаудың салдары бизнес иелері үшін оңай болмады. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Әзірге өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Бірақ, мораторийға сәйкес, бизнес субьектілеріндегі өрт қауіпсіздігі бұрын-соңды тексерілмеген. Алакөл маңындағы мұндай демалыс орындарының саны 300-ден асады.

Туристерді тарту мақсатында өзен-көлдердің жағалауларын безендіріп, нәпәқаларын тауып жүрген кәсіпкерлер үшін бұл маусым - қауырт шақ. Ал Қапшағай мен Алакөлдегі тілсіз жаудың бірі тұңғиыққа тартып жатса, бірі жалынымен жұта жаздады. Ең бастысы - демалушылар өз өмірлеріне, әзсіресе, балалар қауіпсіздігіне мұқият болса игі.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу