СҚО: Тұрғындар былтыр қырылып қалған қаз-үйрегі үшін өтемақы ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО: Тұрғындар былтыр қырылып қалған қаз-үйрегі үшін өтемақы ала алмай жүр

07.07.2022

Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тұрғындары былтыр қырылып қалған қаз-үйрегі үшін өтемақыны әлі күнге дейін ала алмай жүр. Көпшілік қанаттылардың құс тұмауынан өлгеніне сенімді. Ал аудандық ветеринарлық станция нақты диагнозды анықтай алмаған.

Айжан Рахымжанова жаз бойы құс бағып, күзде бала шағасымен оны азық етеді. Бірақ былтыр үйрек-қаздың бәрі қырылып қалған. Зейнеткер олардың құс тұмауынан өлгеніне сенімді.

Айтжан Рахымжанова, Ақсу ауылының тұрғыны:

Ең бірінші мына көршіме келді де, сол үйдің 80 қазы кетті. Содан жағалай жұқты. Менің де қаздарым солармен бірге жүруші еді, сонымен бітті. Солардан тауықтарға жұққан шығар енді. Қалада балаларым оқиды, жұмыртқа керек. Сондықтан тауық сатып алуға мәжбүр болдық.

Өткен жылы теріскейдің Жұмабаев және Темирязев аудандарында құс тұмауы тіркелді. Ресми дерекке сәйкес 1800-ге жуық қаз, үйрек пен тауық қырылып қалды. Тағы 2500 қанатты тәркіленіп, көзі жойылды. Иелеріне бюджет есебінен өтемақы берілді. Ал ақсулықтар диагноз дұрыс қойылмағандықтан тиісті төлемнен қағылдық деп есептейді.

Орал Бегімбетова, Ақсу ауылының тұрғыны:

Қанаттарын салбыратты да, арқасына қарай шалғайып қалды. Білмеймін не болғанын. Сол қырылып қалды ғой, барлығы. Анализдарын алып кетуін, алып кеткен. Бірақ нақты содан кейін ештеңе де айтқан жоқ. Биыл құс ұстаған жоқпын. Себебі все равно қорқасың уже. Бір-екі жыл ұстамаймыз, содан кейін көреміз енді.

Ақсу ауылында қазір 40-тан астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Былтыр барлығының дерлік құстары қырылып қалды. Ветеринариялық станция өкілдері келіп сараптама алғанымен, нәтижесін тұрғындарға әлі күнге айтпаған.

Жанат Әміржанов, Шал ақын аудандық ветеринарлық станция директоры:

Ішкі органдарын алып, өлген құстардың Ұлттық ветеринария рефенттік центрге, орталығына жіберілді. Одан сол құс ауруы, сальмонелез, ньюкасл сол ауруларды жазғанбыз. Бірақ одан теріс нәтиже келді бізге.

Құс тұмауы расталмаған. Бірақ нақты диагноз да анықталмады. Өткен жылы өңірде үй құстары қырылып қалған 100-ге арта тұрғынға 8 млн 800 мың теңге көлемінде өтемақы берілді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу