Емдеу мекемелерінде 14 мыңнан астам медицина қызметкерінің орны бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Емдеу мекемелерінде 14 мыңнан астам медицина қызметкерінің орны бос тұр

03.07.2022

Еліміздің емдеу мекемелерінде 14 мыңнан астам медицина қызметкерінің орны бос тұр. Салаға 7 мың дәрігер қажет болса, қалғаны - орта дәрежедегі мамандар. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, терапевт, инфекционист, сәулелік диагностика дәрігерлері жетіспейді. Мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда бос орындар көрсеткіші жыл сайын көбейіп келеді.

Сан жоқ жерде сапа туралы айтудың өзі артық шығар. Пандемия саланың кем-кетігін көрсетіп, былықтарын ашып берді. Ал қазір коронавирус қайта өрши түскенін ескерсек, екі жыл бұрынғы аласапыран қайта басталмасына кім кепіл?!

Дәрігерлердің ең көп тапшылығы басқа емес, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Елорданың емдеу мекемелеріне 1500-ден астам дәрігер жетіспейді. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектері тапшылықтың орнын толтыра алмай отыр. Себебі жыл сайын жүздеген дәрігер шетел асады. Жағымсыз статистиканың көшін Қостанай және Алматы облыстары жалғап тұр. Қазақстанда 2017 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Яғни медицина саласы бюджетке қарап отырмай, қорға түскен ақша арқылы өзін-өзі қаржыландырады. Қазақстандықтар ай сайын табысының белгілі бір бөлігін қорға аударады. Ал көрсетілетін қызмет сапасы көпшілік көңілінен шыға ма?

Солтүстік Қазақстанда бірнеше жылдан бері 450-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде жағдай тіпті күрделі. Кей ауылдарда медицина қызметкерлері болмағандықтан фельдшерлік-акушерлік пункттер жабылып жатыр.

Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тұрғыны Рүстем Өтеновтің жасы 82-де. Соңғы 30 жылдан бері зейнеткердің әр күні дәрі-дәрмекке тәуелді. Демікпеге шалдығып, есепте тұр. Созылмалы ауруының мазаламаған күні жоқ. Былтыр ауыл фельдшері зейнетке шыққан. Содан бері басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар аудан орталығына сабылуға мәжбүр.

Рүстем Өтенов, Айымжан ауылының тұрғыны:

Деміккенде дем ала алмай тұншығып, қысыламын, терлетеді. Тұншығып енді демі болмағасын, белгілі ғой, адам. Сондайда мәшінге ұмтыламыз, мәшінмен алып барады бала. Анда бірден қарсы алады.

Рүстем атайдың зайыбы Гүлсім Оспанова да зейнетте. Күндіз-түні отағасын күтумен болады. Соңғы кездері өзінің де денсаулығы сыр беріп жүргенін айтады. Ауылда маман болмағандықтан өз-өзіне тағайындау жасап, дәрі-дәрмектерді іше береді.

Гүлсім Оспанова, Айымжан ауылының тұрғыны:

Мәшін болмаған жағдайда қиын. Онда осы елдегі першілге жетуіміз керек қой, біздің. Барып, кішкене бір уколын алып, содан кейін алып баруға болады ғой. Ол енді міне қиындығы сол, кәрі кісілерге. Қазір аурулар да көп, жас болсада.

Елді мекенде 200-ден астам тұрғын бар. Дені қарттар. Көпшіліктің айтуынша қыс мезгілінде аудан орталығына қатынау тіпті қиындайды.

Маман тапшылығынан емханалар ұзын-сонар кезектен арыла алмай келеді. Мәселен, Петропавл қалалық 1-ші емхана 70 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы шарт. Алайда 30-дан астам жұмыс орны бос тұр.

Николай Новиков, Петропавл қалалық 1-ші емханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Бұл жылдар бойы қалыптасқан маман тапшылығы. Оның орнын толтыру оңай емес. Өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері медициналық жоғары оқу орындарын аралап, студенттермен келісім шарт жасадық. Түлектердің басым бөлігі резидентурада білім алғысы келеді. Байқағаным, жас мамандардың солтүстік өңірлерге келгісі жоқ. Және олар косметология саласын көбірек таңдайды. Өйткені сұраныс жоғары. Жұмысы жеңіл, жауапкершілігі аз жалақысы көп.

Батыс Қазақстанда да 271 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, кардиолог, хирург мамандары қат. Аймақта 9 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың екі мыңнан астамы - дәрігерлер. Мәселені шешу үшін былтыр медициналық жоғары оқу орнын бітірген 69 түлек өңірге келді. Биыл облыстық көпбейінді ауруханада Ақтөбедегі медициналық университеттің клиникалық базасы ашылды. Бірақ облыстағы ең ірі клиникалық аурухананың өзінде мәселе өткір тұр.

Ерлан Мұқанов, Облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

Қазіргі таңда 28 дәрігер маман жетпей жатыр. Барлық жұмыс, жағдай жасалып жатыр. Реанимация нейрохургия, клиникалық фармоколог, сәуле дәрігерлері КТ, ренген, УЗИ, функционалды диагностика, ангихирургтар, жақ-бет хирургтары бар, жалпы хирургтар жетіспейді.

Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бері кезең-кезеңмен дәрігерлердің орта жалақысын 30 пайызға көтерді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мәселесін заңмен бекіту жайы қарастырылуда. Қазір Қазақстанның емдеу мекемелерінде 78 мыңнан астам дәрігер еңбек етіп жүр.

Гүлнафис Жүсіпалиева, ҚР ДСМ ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары:

Жыл сайын мемлекет тарапынан грант бөлудеміз, Ол 4700 орын. Ең тапшы мамандықтар бойынша резидентураға 1500 орын бөлінеді. Ол 25-ші жылға дейін 2 мыңға дейін ұлғаю жоспарлануда.

Өңірлерге еңбек етуге барған жас мамандарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Алайда әлеуметтік қолдау маман тапшылығы мәселесін шешуге септеспей отыр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу