Платформалық жұмыспен айналысатындар саны 500 мың адамға жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Платформалық жұмыспен айналысатындар саны 500 мың адамға жеткен

03.07.2022

Пандемия басталғалы елімізде қызмет көрсету саласында еңбек етушілер көбейіп келеді. Сарапшылар платформалық жұмыспен айналысатындар саны 500 мың адамға дейін жеткенін айтады. «Платформалық жұмыс» дегеніміз - «яндекс» сияқты қосымшалар арқылы нәпақа табу.

Таксилетіп кеткендерден айына 600 мың теңгеге дейін табатынын талай естідік. Бірақ бұл тендецияның жағымсыз тұсы да бар. Онлайн-платформалардың әлеуметтік пакет ұсынып, жұмысшыларды қолдау, қорғау ойында жоқ. Яғни, платформа арқылы еңбек етіп жүрген адам жұмыссыз қалса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алмайды. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесіне енгізуге мүдделі. Қанатқақты жоба шілденің 1-нен іске қосылды. Нәтижесін жыл соңында көреміз, - дейді министрлік.

Ал біз такси қызметіне кеңірек тоқталмақпыз. Басты сауал: «яндекс» сияқты шетелдік қосымшаларға неге тәуелдіміз? Арагідік қоғамда көтеріліп тұратын тақырып.

Бірақ өткен аптада яндекс істен шығып еді, ескі жараны тағы қаси түстік. Фейсбукте Қажымұрат Төлегенұлы былай деп жазған екен: «Яндекс, диди, убер сияқты шетелдік мобилді қосымшалар отандық таксидің пайда болуына кедергі ме? неге отандық мобилді такси қосымшасы шықпайды? Бізде оны жасай алатын мамандар жоқ па? Қалай ойлайсыздар? Яндекс таксиге отырғанда үнемі еске түсетін ой осы. Әр таксистен яндекс айына 90-100 мың теңге табыс түсіріп отырса, жалпы елімізде қанша яндекс такси қолданушысынан қаншама миллиондаған қаражат түсіреді. Ол шетелдің бюджетін толықтырады. Неге яндекс таксиді тоқтатып отандық өнім жасай алмаймыз?»

Расымен, неге? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің ойынша «Яндекске» қазақстандық балама әзірлеудің керегі жоқ. Қыруар қаржы қажет,-дейді. Ал өзіміздің айти мамандар такси қызметі үшін қосымша дайындап шығару қолымыздан келеді деп отыр.

Соңғы кезде такси бағасының қымбаттап жатқанына наразылар көп. Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта, сондай-ақ, жауынды, боранды күндері мобильді қосымшалар арқылы шақыратын такси құны шарықтап кетеді. Тұтынушылар «такси жүргізушілері ақшаға құныққан» деп кінә тақса, олардың өзі мұны шетелдік қосымшадағы комиссиялық төлемнің көптігінен көреді.

Ержан Бабашев, такси жүргізушісі:

Яндекске келетін болсақ, өте көп проценті. Бірақ, амал жоқ істейді бәрі, 20-25 процентке дейін. Заказ тез тауып беріп тұрады, амал жоқ сонымен жүруге мәжбүрміз. Қанша ақша шет елге кетіп жатыр негізі. Мысалы, күніне 20 мың тапсақ, 5 мың сол жаққа кетеді.

Қазір бұл нарықта «Яндекске» төтеп берер жоба болмай тұр. Ал, ол – Ресейлік компания. Бір қызығы, жүргізушілер қосымшаға тіркелгенде еңбек шарты жасалмайды. Бірақ, табысының кемі 17 пайызын беруге міндетті. Біз компанияға хабарласып, қанша адам такси ретінде тіркелгенін, күніне қанша тапсырыс орындалатынын сұрадық. Бірақ, ол коммерциялық құпия деді. Ал, комиссиялық төлем мен бағаға қатысты былай жауап қатты:

Тайыр Байдүйсен, «Яндекс go Қазақстан» жетекшісі:

«Комиссия бізге қызметтің сапасын арттырып, жаңа қалаларда іске қосылуға және өзіміздің қауіпсіздік технологиямызды дамытуға инвестиция салуға қажет. Ал, бағаға келсек, сапардың құны нақты уақыт режимінде күрделі алгоритммен есептеледі. Оған көптеген фактор әсер етеді. Мәселен, тапсырыс кезінде көліктердің көп болуы, қаладағы кептелістердің аз болуы мен ауа райы да бар».

Яғни, сұранысқа сай қосымша бағаны да, комиссия көлемін де қалауынша құбылтады. Ал, айына 600-700 мың теңге тауып, оның 100 мыңға жуығы сыртқа кетіп жатқанын көріп жүрген такси жүргізушілері отандық қосымша ашып беруді сұрап жүр. Бірақ, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қазір «Яндекс.Такси» сияқты жоба жасау қиын деді:

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

«Қазақстан үшін ғана «Яндекс.Такси» сияқты жоба бізде ұзаққа бармайды. Ол жер шарына танымал жоба болуы керек. Мысалы, «DIDI» деген такси бізге келді. Олардың өзі қанша қаражат салса да, «Яндекске» төтеп бере алмады. Ал, бұл бәсекеде жеңу миллиардтаған қаражатты талап етеді. Оны мемлекет бөле алмайды. Ол қаржыны венчурлық инвесторлардан тарту керек. Венчурлық инвесторлар дүниежүзі бойынша ондай қызықты жобаларды өздері іздестіреді.»

Яғни, бұл бизнес. Сондықтан, мемлекет тікелей қаржы құймайды. Бірақ, бірнеше жобаға инвестор тауып беріпті.

Ерхан Таткен, ҚР Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі:

Такси 5+ қызметі, «УВУ» деп аталатын қызмет, «Қазақгу» деп аталатын такси қызметі, «Сенім такси» деген жобалар бар. Қазіргі уақытта осы ұсынылған жобаларды біз министрлік тарапынан барынша қолдауға тырысып жатырмыз.

Ал, шет елдік ірі компаниямен бәсекелесу неге қиын екенін осы салада 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер айтты. Ерлан 2010 жылы Өскеменде «Апару» атты онлайн такси жобасын іске қосқан. Соған кеткен шығынды тек 3 жылдан кейін қайтара бастаған. Бірақ, әлі пайда айтарлықтай таппапты. Оның сөзінше, біз де онлайн платформаны жасауға маман жеткілікті, техникалық мүмкіндік те бар. Бірақ, ойдағыны іске асыру үшін қаржы табу көздері жоқ.

Ерлан Шаяхметов, «Апару» онлайн такси қызметінің акционері:

Мемлекетімізде енді фондовый рыногымыз істемейді. Ол да бар. Банктен басқа түкте жоқ. Қай жерге барып ақша сұрайсың. Банкте өздеріңіз білесіздер өте қымбат. Сондықтан условиялары қатал. Әрбір кәсіпкер оның шамасы жетпейді.

Ал, «Яндекс» сияқты халықаралық компаниялар қор биржасы арқылы жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетудің тиімді тәсілін меңгерген.

Ерлан Шаяхметов, «Апару» онлайн такси қызметінің акционері:

Яндекстің өзінің стратегиясы бар. Әрбір регионға кіргенде олар сразу бағасын төмендетіп тастайды. Субсидия жасайды жүргізушілерге, пассажирлерге. Оны көбінесе адамдар алданып қалады, осылай болады өмір бойы деп. Олар өздері бизнес жасап жатыр. Енді ешкім оларға конкуренция бере алмаса олар кінәлі емес қой.

Қазақстан такси қызметі қауымдастығының төрағасы Медет Құрмановтың айтуынша, 2016 жылға дейін бізде 30-дан астам отандық тасымалдаушы компания болған. Ал, «Яндекс» келгелі солардың 20-ға жуығы жабылып қалған. Бұған бизнестегі бәсекеден бөлек, мемлекеттің өз міндетін дұрыс атқармауы да себеп,-дейді ол.

Медет Құрманов, Қазақстан такси қызметі қауымдастығының төрағасы:

Біз онлайн платформаға қарсы емеспіз, ол ыңғайлы. Бірақ та, мемлекет такси саласын ұйымдастырмаған. Ұйымдастыра алмай жатыр. Сондықтан, бұл реттемейді, бақыламайды. Бізде 95 пайыздан астам көлеңкеде. Платформалар келді, мемлекет ұйымдастыра алмаған мәселені өздерінің стандарттарын қойып жатыр. Мәшине былай болуы керек, тарифтер былай деген сияқты. Бірақ, та бізде көлік заңы бар, жолаушыларды тасымалдау ережелері бар, бірақ оларды ешкім қарап жатқан жоқ.

Яғни, нарықта монополияның пайда болуы бағаның өсуіне әкеледі. Мысалы, EnergyProm сараптамалық орталығының зерттеуінше, биыл Қазақстан такси бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейін екінші тұр. Ал, Қазақстан такси қызметі қауымдастығының дерегінше, соңғы 5 жылда такси бағасы шамамен 4-5 есеге қымбаттаған.

Бұл ресми мәлімет емес, әрине. Ал, ресми ақпарат бойынша, «Яндекс» компаниясы елімізге биылдың өзінде 2 млрд теңгеден астам салық төлепті. Бірақ, жаңағы такси қауымдастығының есебімен салыстырсақ, кім ұтып кім ұтылып жатыр?

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу