Украина билігі Ресей осы уақытқа дейін қанша әскері мен техникасын жоғалтқанын хабарлады. Украина қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей жеке құрамның 36 мыңдай сарбазынан, 1600-дей танкісінен, 3700-ден астам бронды машина мен 800 артилериялық жүйесінен айырылған. Сондай-ақ, 217 ұшақ пен 187 тікұшақ, 654 ұшқышсыз ұшатын аппарат пен 144 қанатты зымыран жойылған. Бірақ, Ресей билігі өздерінің шығыны туралы әлі хабарлаған жоқ.
Ал, бүгін Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Путинге Луганскті Ресей әскері толық бақылауға алғанын баяндады. Шойгудың сөзінше, Лисичанск қаласы мен оған жақын орналасқан бірқатар елдімекенге Ресей тарапы бақылау орнатқан.
Украинада жағдай күн сайын шиеленісіп барады. 1-шілдеде АҚШ қорғаныс министрлігі Украинаға 820 млн доллар көмек беретінін мәлімдеді. Оған қоса, 150 мың снаряд пен артиллериялық радарға қарсы төрт құрылғы жібермек. АҚШ Норвегиямен әріптестік кеңейіп, соның арқасында Киевке Ресейдің сұрапыл әуе шабуылдарынан қорғанатын NASAMS кешені жеткізілгенін де айтты.
Ал, кеше Беларусь президенті Александр Лукашенко Украина бізге зымыранмен соққы жасамақ болды деп айыптады. Оның сөзінше, Беларусь әскері Украина жағынан жіберілген зымырандарды атып түсірген. Лукашенконың тұжырымынша, Беларусь және Ресеймен бір мезетте есеп айырысу үшін Минскіні Украинадағы соғысқа араластырғысы келетіндер бар. Бірақ, Беларусь Украинада соғысуды көздемейді, дегенмен, шабуыл жасаса, амалсыз соғысуға мәжбүрміз деді. Украина тарапы Лукашенко сөзіне әзірге жауап қатқан жоқ.