АҚШ Украинаға 820 млн долларға қосымша әскери көмек беретінін жария етті. Оған екі зениттік-зымырандық кешен, "ХИМАРС" артиллериялық жүйесіне арналған оқ-дәрі, артиллерияға қарсы төрт радар кіреді.
Елдің шығысында қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Ресейдің қорғаныс министрлігі Лисичансктегі мұнай өңдеу зауытын басып алғанын және әскердің қалаға кіргенін мәлімдеді. Дегенмен бұл ақпараттың рас-өтірігі белгісіз.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы "Змеиный" аралы шабуылға ұшырағаны туралы видео жариялап, Ресейді айыптады. Мәскеу әзірге бұған қатысты түсініктеме берген жоқ.
Айта кетсек, арал қарулы қақтығыс басталғалы ресейлік күштердің бақылауында болған еді. Ал осы аптада олар бұл жерден өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Тағы бір мәлімет: 1 қазаннан бастап Украинада әйелдер әскери есепке алынады. Олар елдің Қарулы күштері мен Ұлттық гвардиясында қосымша күш ретінде тіркеуде болады. Мұны осы елдің Ұлттық қауіпсіздік және Қорғаныс кеңесі мәлімдеді.